11.09.2018, 18:20
Қараулар: 446
Салт-дәстүрді насихаттады

Салт-дәстүрді насихаттады

Орал қаласында Елбасының «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстан халқы БҚО Ассамблеясының ұйымдастыуымен  салт-дәстүрімізді кеңінен  насихаттау бағытында биыл екінші жыл «Дәстүр» фестивалі  ұйымдастырылды.


Қала күні және республикалық «Сабантой» мейрамымен тұспа тұс келген аталмыш шараға Тасқала ауданының  әкімі Алдияр  Халелов  бастаған делегация  қатысты.

Мейрамға арнайы келген тасқалалықтар  киіз үй тігіп,  жиналғандарға «шілдехана»,  яғни бесікке салу дәстүрін көрсетті. Шашу шашылып,  сәбиді бесікке салғаннан кейін ән шырқалып, бата берілді.

Одан әрі кезінде  ауданның дамуына өзіндік үлесін қосқан  еңбек ардагерлері мен қонақтар  жайылған дастархан басында бас қосып, келелі әңгіме өрбітті. Аудан басшысы Алдияр Сансызбайұлы қонақтарға қош келдіңіз айтып,  елде атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Жиналғандар да ақжарма тілектерін арнап, аудан әкімінің жаңа жұмысына табыс тіледі.

Ауылымыздың батагөй ақсақалы Жұмагелді Үмбетәлиев бата беріп, елдің тыныштығын, бастың амандығына арнап бата етті.

Назгүл ЖӘРДЕМОВА