12.09.2018, 18:33
Қараулар: 559
«Ақ шаңырақтың киесі»

«Ақ шаңырақтың киесі»

Тура осындай тақырыпта «Мейірім» отбасын әлеуметтік қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен шара өтті. Ол жас отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатын көздеді.


Жиын аудандық аурухана психологы ұйымдастырған тренингпен басталды. Алдымен шара қонақтары бақытты және бақытсыз отбасы болудың себебін айтып пікірлерін ортаға салды.

Мұнан соң арнайы шақырылған қонақтар жас шаңырақ иелеріне ақыл-кеңестерін айтып, кез-келген жағдайда шыдамдық таныту керектігін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған «Ақ тілеу» әжелер ансамбілінің мүшесі Роза Бейісқанова жастардың «шаңырақ» деген сөзге үлкен мән берулерін тапсырды.

  • Шаңырақ – киелі ұғым. Ол жерде «сен, мен» емес, «біз» деген түсінік болу керек. Қазақтың салт-дәстүрі – тұнған тәрбие. Ұлттық құндылықты дәріптеп отыратын отбасы әр уақыт алда болады, олардың ұрпағы салиқалы болып туады. Отбасының қадіріне жеткен адамның өмірде жұлдызы жанған деген сөз. Сіздер қайда барсаңдар да, нендей қызмет атқарсаңдар да қолдаушыларың да қорғаушыларың да Алладан соң отбасыларың ғана. Сондықтан барды бағалап, қадіріне жете білгейсіңдер,- деді.

Шара соңында қонақтар ұйымдастырушылар алқасына алғыстарын айтып, толағай табыстар тіледі.

Әсем СЕРІКҚАЛИ