14.09.2018, 16:46
Қараулар: 131
Тасқала мерейі асқақ

Тасқала мерейі асқақ

Айналасына ауылдан түлеп ұшқан түлектері мен жаңашыр жерлестерін жинаған тұрғындар ауданның 85 жылдығын тойлауда.


Тарихы тереңнен бастау алған мекеннің мерейлі күні қонақтарды қарсы алудан басталды. Көпшілік алдымен балалардың мектептен тыс жұмыс орталығында бас қосып, «Азалы ана» мемориалдық ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң аудан мақтаныштарына арналған «Құрмет тақтасының» салтанатты ашылуына қатысты. Қонақтарға қош келдің білдірген аудан әкімі А.Халелов тұрғындар үшін бүгінгі күннің айтулы екенін жеткізді.

  • Атамекеніміздің мерейін асқақтатып, мерекемізді тойлап отырмыз. Бүгінгі күннің мақсаты да тек той тойлау емес, өткенді сараптап, болашақты бағдарлайтын қадам жасау. Осы уақытқа дейін ауылымыз қаншалықты өсті, қандай деңгейге жетті деген сауалға жауап алуымыз керек. Баршаңызға «Қош келдіңіз!» деймін. Шашбауымызды көтеріп, көңілімізді марқайтқандарыңызға ризамыз,- деді Алдияр Сансызбайұлы.

Сондай-ақ ауданның төл мерекесіне орай жасақталған «Құрмет тақтасының» бой көтеруіне қаржылық көмек көрсеткен жеке кәсіпкер З.Сарсенбаевқа алғысын білдіріп өтті.

Тақтаға енгізілген ауданның ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, жас ұрпаққа өнеге бола білген соғыс және еңбек ардагерлері, еңбек майталмандары мен аудан үздіктеріне, түрлі саланың тұтқасын берік ұстаған қызметкерлерге  куәліктер табыс етті.

Салтантты ашылудан соң жиын қатысушыларына аудандық мәдени-демалыс орталығында ашылған мұражай таныстырылды. Кешенге қойылған көне жәдігерлер аудан топырағынан табылса, тағы бір бөлігін тұрғындар сыйға тартқан. Тасқаланың бой көтерген кезінен бері бүгінге дейін ауылды басқарған 20 әкімнің тізімі жасақталып, фото суреттері ілінген.

Қазіргі кезде мерекелік шара жиналғандардың қатысуымен өтіп жатқан жерлестер форумымен жалғасуда.

Әсем СЕРІКҚАЛИ

Тасқала ауданы