17.09.2018, 18:17
Қараулар: 432
Дала қызықтарымен тәмамдалды

Дала қызықтарымен тәмамдалды

Аудан мерекесі «Ұлттық ойын – халық қазынасы» аталған дала қызықтарымен жалғасты. Кәсіпкерлер қолдауына ие болған шарада азық-түлік жәрмеңкесі мен «Шеберлер қалашығы» қолөнер бұйымдарының көрмесі тамашаланды.


Мұнан әрі палуандар бағын сынаған қазақ күресі мен қой көтеру ойындары өтті. 100 мың теңге көлеміндегі жүлдеге жауырыны жерге тимеген балуан Олжас Сүлейменов ие болды. Ал 50 мың теңге көлеміндегі жүлдемен екінші орынға Ерназар Хамзин табан тіресе, 30 мың теңге қаржылай сыйды 3 орынға қол жеткізген Бегайдар Мендешев

жеңіп алды. Ал қой көтеру ойынынан Самат Юсупов жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ қол күресінен 70 кг салмақтан жоғары сынға түскен спортшылар арасында А.Жамбыл бірінші орынды қаңжығасына байлады. Ал 70 кг салмаққа дейінгі деңгейде бақ сынағандар арасынан Ж.Бектыбаев топ жарды.

Жұрт назарын өзіне аударған топ бәйге 18 шақырымға ұйымдастырылды. 500 мың теңге тігілген жүлдені 1орынға ие болған жерлесіміз М.Аяпбергеннің тұлпары жеңіп алды. 300 мың және 200 мың теңге қаржылай жүлдені Ақжайық ауданынан келген С.Ахметов пен Қаратөбе ауданының тумасы К.Исмагулов иеленді.

21 шақырымда ұйымдастырылған аламан бәйгеде шыңғырлаулық Т.Бисенбаевтың тұлпары топ бастап, 1 млн қаржылай жүлдені жеңіп алды. Осы додада 2 орынды тасқақалалық С.Мұхамбетрахимовтың тұлпары иеленсе, 3 орынға ақжайықтық Е.Сатпаевтың тұлпары табан тіреді.

Әсем Серік