19.09.2018, 9:58
Қараулар: 136
Өмірге құлшыныс сыйлаған кеш

Өмірге құлшыныс сыйлаған кеш

«Бір үміт бар» деп әуелете ән шырқап, тыңдарманын ерекше күйге бөлеген өнер иесі аудандық мәдени-демалыс орталығында болды.


Арбаға танылып, жер басып жүру мүмкіндігінен айрылса да өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған талантты ару Роза Мұсақызы тасқалалықтарға «Мұздаған жүректі еріткен мейірімділік» атты ән кешін сыйлады. Астанадан арнайы ат басын бұрған қонағымызға аудан тұрғындары да шын жүректен ілтипат білдірді.

  • Сізге қарап өмір сүрудің нағыз бақыт екенін түсініп отырмыз. Өмірге көп өкпе айтып, кейбір сәтсіздіктерге ренжігенімізге өкініп тұрмыз. Сіз бізге көп нәрсені үйретіп барасыз. Сол үшін рақмет. Өнеріңіз өрге жүзіп, жолыңыз болсын,- деген аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева кеш иесіне алғыс хат табыс етті.

Репертуарындағы әндерді нақышқа келтіре орындаған Роза Мұсақызы шығармалардың тарихын қоса баяндап, кеш келушілеріне өмірі жайлы әңгімеледі. Сөз арасында бала күнгі қайғылы оқиғаның орын алғанын, содан соң ота жасау барысында қате кеткенін, сол себепті арбаға танылғанын айтып өтті. Әйтсе де болған жайттың барлығын өмірдің сынағы деп қабыл алған оған  бұл қиындықтың өзі арманын шындыққа айналдыруға кедергі келтірмеген.

  • Алла бізге беріп те, алып та сынайды. Өзімнің осы күйіме шүкіршілік етемін. Мен – өмірді сүйетін адаммын. Сондықтан маған қиындық деген дүние жоқ. Өмірге келген соң бақытты болмау мүмкін емес. Бір нәрсені қаласаң, армандасаң оған өзің ғана жетуің керек. Ешкім саған жағдай жасап беруге міндетті емес. Мен бақыттымын. Бақытты күйімде қала беремін,- деді Роза Мұсақызы өз сөзінде.

Әдемі кештен бөлек тыңдарманына өмірді жаңа қырынан көрсеткен талант иесіне халық тарапынан алғыс айтылып, бата берілді.

Әсем Серікқали