20.09.2018, 18:17
Қараулар: 489
Шашуымыз шашылды, аяққа неге басылды?

Шашуымыз шашылды, аяққа неге басылды?

Құда келіп, келін түссе, сәби туылып, шілдехана жасалса да қуаныштың белгісі ретінде шашылған шашу — халқымыздың бай мұрасының бірі. Ел ішіндегі ырыс пен тоқшылықтың да дәлелі  осы. Сондықтан шығар «қазақтың тойы шашуымен қызық» дейтініміз.

Бал өмірдің белгісі деп тәттілерден шашылған шашудың мән-мазмұны тереңде жатыр. Тек әйел адамның қолынан шығатын шашу көпшілікке белгілі бір мереке басталарда шашылады. Ол яғни «осы тәттілерді теріп қана алыңдар» емес, «шын көңілден шашылған дәмнен ауыз тиіп, қуанышымызға ортақтасыңдар» дегенді қоса білдіреді екен. Көшпелі өмірде салтын сақтаған  халықтың бар қазынасы да сол болса керек. Дегенмен, кезінде «қуаныш, шаттық» саналған шашу бүгінде шашылған күйі аяқ астында қалып жүр. Жаңа заман «саналы ұрпақты» тәрбиелегенмен, дәстүрдің құнын төмендетіп жібермеді ме?

Көргеніміз.

            Аудан көлемінде өткен шарада фотоаппаратымызбен жүретініміз көпшілікке  мәлім. Көптің алдына шығып суретке түсірер кезде ыңғайсызданып кететініміз тағы бар. Әсіресе аудандық мәдени-демалыс орталығында  отырған жұрттың алдына тұрып алатын сәтіміз  болады. Көрерменнің көңілін ойлап алаңдағандықтан жұмысымызды тез бітіріп, орнымызды ауыстыруға асығамыз. Дей тұрғанмен ол ыңғайсызданған күйіміз ештеңе емес екен. Себебі…

Осы уақытқа дейін мекемелер арасында өтетін фестивальдер немесе ұлттық құндылыққа байланысты ұйымдастырылатын шаралар шашу шашып басталып келді. Ұсақ тәттілерді ортаға алып шыққан әйел оны сахнада тұрып шашқанда көрермен отырған орындықтарға жетсе қалай? Жетпейді. Тек алдыңғы қатардағылары аяқ астына келіп түскен бір-екі кәмпитті ғана  алады. Бір қызығы залда отырған балалар да бұл дәстүрге мән бермейді. Бұрындары шашу теруге таласса, қазір отырған жерден мойнын созып «кім алар екен» деп қызықтайды. Шыны керек шашуға еңкейетін бұрынғының бірен-саран адамы болмаса, қазір балаларды кәмпит-«печеньемен» таң қалдыра алмайсың. Осыдан кейін келер ұрпақ шашудың қадіріне жете алар ма деген күдік туындайды.

Шашу шашылып, шарамыз басталған соң аудан құрметтілерін марапаттайды. Сол кездегі көрініс айтпасақ та түсінікті шығар. Залдан сахнаға көтеріле берген адам жердегі тәттілерді басып кетпейін деп «байқап жүреді». Сахнаға көтерілген  адам солай «байқап өткен соң» шашуды көтеріп аузына салатын жан табылмайды, әрине. Суретке түсіріп жүрген біздер бір-екі тәттіні алғанмен, барлығын жинап шықпайтынымыз белгілі. Ұйымдастырған шарамызды өзгеше қыламыз деп шашу шашып, оны жинайтын адам таба алмай  астың обалына қалғанша, басқаша ойластырғанымыз  дұрыс болар.

Сексен жылды еңсерген аудан тұрғыны Жәмиға Кундралиева бұл турасында пікірін білдірді.

  • Біздің дәуірді сіздікімен салыстырмаймыз, арасы жер мен көктей. Бірақ дәстүр сақталу керек, өйткені ол – ұлттық бейнеміз. Дәстүрді заманауи қыламыз деп шектен шығып кететіндер бар, сондайдан сақ болыңдар,- деген әжеміз әрі қарай өз кезінде шашудың жөн-жоралғысы барын, қоғамда өзіндік мазмұны болғанын тілге тиек етті.
  • Шашу тек әйелдер қолынан шығады. Оған кәмпит, мейіз секілді тәттілер мен құрт қосатын. Бұрындары күміс теңгелерді араластыратын. Қазір нан тағамын шашатын болған. Тіпті арасына 20 теңгеліктерді де қосады. Сонда байқайтынымыз шашуды терген балалар тәттілерден бұрын ақшаны жинап алады. Осының өзі ұрпағымыздың ас қадіріне жетпейтінін, ысырапшылыдыққа бой үйреткенін дәлелдейді. Шашу шашпа демеймін, бірақ үлкен тойларда ғана болмаса, кез-келген жерде ол дәстүрді орындап қажет емес.

Той-томалақтарда байқап жүргеніміздей шашуды шашқан үлкендер, оны теретін де өздері. Тіпті бір тойда «Апа, мына шашуды сіз шашыңыз» деген келініне «бәрібір терілмейді, бұның не керегі бар» дегенді де естігенбіз. Бұны үлкендердің салт-дәстүрге немқұрайлығы емес, керісінше ас-дәмнің ысырыпшылдығынан сақтанғаны деп қабылдадық.

 

P/S:     Әлеуметтік желілерде той өткізудің ерекше үлгілерін күнде көреміз. Тіпті қазір тойға келген адамның бас-басына тұлпар мінгізсең де ешкімді таңқалдырмайсың. Бір қызығы біз айтып отырған шашу мәселесі де әр жерде әр қалай орындалады екен.

            Тәттілер араласқан шашу той басталарда «қош келдің» орынына шашылса, бүгінде той басталғаннан аяқталғанша үлестіріледі. Тек қана тәтті болса бір жөн, құрамында бағалы деген сыйлықтар бар шашу ойын ойнатылып болған соң қонақтарды «ынталандыру» мақсатында беріледі екен. Сол сыйлықтың құдіреті шығар қонақтардың той үстінде «есінен тана» билеп, келесі күні ел-жұртқа күлкі болып жүргені. Ал бұның себебі ата дәстүрімізді орынды қолданбағаннан десек, не дер едіңіз?  Бәлкім Жәмиға әжеміздің «Дәстүрді заманауи қыламыз деп шектен шығып кететіндер бар» дегені осы болар…

Әсемгүл БЕКЕШЕВА