21.09.2018, 17:21
Қараулар: 6
Білім ошағының жұмысы назарда

Білім ошағының жұмысы назарда

Іссапармен ауданымызға табан тіреген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары А.Шайымова білім ошақтарын аралады.


Алдымен Бірлік аулындағы негізгі мектептің хал-ахуалымен танысқан қонағымыз оқушыларға жасалған жағдайға көз жеткізді. Бір қабатты мектептің ауыл балалары үшін қажет екенін ескеріп, ұстаздар жұмысына назар аударды.

  • Ауылды сақтап қалу үшін мектеп керек. Себебі мектеп жабылса жаппай көшу басталады. Көріп отырғанымыздай ауылдарыңызда жұмыс көзі көбейіп, зауыт салынып жатыр екен. Басқа да жағдайлар біртіңдеп жасалуда. Сондықтан ауыл ахуалын көтеруге жұмыстану қажет,- деді өз сөзінде Айгүл Амантайқызы.

Мұнан соң аудан орталығындағы «Сәулет» мектеп-лицейінде болып, оқушылар шығармашылығына берілген мүмкіндіктермен танысты. Робототехника саласы бойынша жұмыстанып, биік белестерді бағындырып жүрген шәкірттерге сәттілік тіледі.

  • Лицейімізге өңір бойынша мектептерден емтихан тапсырып оқуға келген шәкірттеріміз бар. Бұның өзі «Сәулеттің» облыс көлеміндегі абыройын көрсетеді деп ойлаймын. Балалардың араласқаны бізге де жақсы. Ұстаздарымыз да талапқа сай жұмыс атқаруда. Биыл 4 жыл қатарынан облыстық деңгейде үздік бестіктің қатарында бармыз. Мұның өзі – үлкен дәреже,- деді өз сөзінде аталмыш оқу ордасының директоры Ж.Айтжанов.

Жаңадан ашылып жатқан «IT-сыныбы» таныстырылды. Заманауи құралдармен жабдықталған сыныпта жұмыстану үшін мүмкіндіктер, мейлінше, мол жасалған.

Мектеп жанындағы интернат жұмысы да назардан тыс қалмады. Іші жарық әрі таза бөлмелер мен оқу залын  қонақтарға көрсеткен мектеп басшысының сөзіне сүйенсек, интернатта 100 балаға арналған орын бар. Алайда бүгінгі таңда ол жерде 120 бала тәрбиеленуде. Алдағы уақытта мектеп интернатының көлемін кеңейту мақсатында жұмыстар жасау ойда бар екенін тілге тиек етті.

Әсем СЕРІКҚАЛИ