27.09.2018, 11:07
Қараулар: 128
Жастардың айтары бар

Жастардың айтары бар

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен Тасқала колледж студенттеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған аталмыш оқу орнының ұстаздары мен шақырулы қонақтар қатысты.


Алдымен «Рухани жаңғыру» залымен танысқан студенттерге аудан тарихынан сыр шертілді. Залдан орын алған көне жәдігерлер мен атамекен аумағынан табылған дүниелер туралы айтылды. Кеңес одағының батыры, даңқты жерлесіміз С.Жақсығұловқа арналған бұрышқа назар аударылып, жастарға үлгі боларлық әңгіме өрбіді.

Мұнан соң бас қосқан қонақтар «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында сөз қозғап, ел үшін атқарылар істер тілге тиек болды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Д.Ғазездің айтуынша, шара жастардың жеке көзқарасын біліп, алдағы жоспарларымен танысу мақсатында өткен.

  • Жастар – ел ертеңі. Олардың алдағы уақытта айналысар ісі, атқарар қызметі халық игілігіне арналу керек. Осы орайда бағдарламалық мақалада сөз болған мәселелерге жастардың көзқарасы қандай, алып-қосар ойлары бар ма дегенді білу мақсатында шара ұйымдастырдық. Арнайы еркін форматта өтетін басқосуда жастарымыз өзіндік пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтады деген сенімдеміз,- деді.

Өз кезегінде шара қонақтары жиналғандарға аталмыш бағдарлама аясында аудан көлемінде ұйымдастырылған істер туралы баяндап, алдағы уақытта орындалады деген жобалармен бөлісті.

Әсем СЕРІКҚАЛИ