27.09.2018, 17:28
Қараулар: 587
Футбол алаңы ашылды

Футбол алаңы ашылды

Мерей ауылында жаңа стадион бой көтерді. Оны салуға  жерлесіміз мектеп түлегі Амангелді Ахменкеев көп еңбек сіңірді.  


Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Атамекен» кіші бағдарламасы «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағытында іске асырылған жоба құны 6 миллион теңгені құрайды.

Салтанатты жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Дүйсенова мен футбол ардагерлері, Шежін, Ақтау, Тасқала ауылдарының жас футболшылары мен мектеп оқушылары, сондай-ақ тұрғындар қатысты.

Нысанның  лентасын қию рәсімі  біраз жыл ауылдық округті басқарып, елдің дамуына елеулі үлес қосқан  Қ.Тәшімов пен жас футболшы Мерей орта мектебінің оқушысы Сағиден Нұраманға бұйырды. Әжелеріміз шашу шашып, өнерпаздарымыз ән-жырмен мерекенің көрігін қыздырды.

Салтанатты шарада сөз алған ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Серікбайқызы мерейліктерді футбол алаңының ашылуымен құттықтап, аудан әкімдігі атынан жобаны жүзеге асырушы А.Ахменкеевке алғысын білдірсе, футбол ардагерлері атынан сөйлеген М.Қабылғалиев мектеп оқушыларына доп  сыйлады.

Шара соңы футбол ардагерлерінің ауыспалы кубогіне арналған  турнирмен жалғасты.

Ардагерлердің дәстүрлі ХІ турниріне аймақтық доп додаларынан суырылып шыққан 4 команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Жарыс нәтижесінде Ақтау орта мектебінің  оқушылары ІІІ орынға табан тіресе, Қ.Сәтбаев орта мектебінің оқушылары ІІ орыннан көрінді. Ал, мерейлік өрендер жеңіс тұғырының жоғары сатысына көтеріліп ардагерлер кубогіне қол жеткізді.

Жарыс соңында оны ұйымдастырушыларының бірі Жалел Айткулов барлық командалар мен  мерейліктерге, сондай-ақ туған ауылына стадион тарту еткен Амангелді Ахменкеевке арнайы алғысын білдірді.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ