28.09.2018, 19:10
Қараулар: 120
«Оқырман ұрпақ – Қазақстанның болашағы»

«Оқырман ұрпақ – Қазақстанның болашағы»

Тура осындай атаумен облыстық  «Ауыл фестивалі» жобасы аясында кітап фестивалі ұйымдастырылды. Шараның өтуіне аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мұрындық болды.


Алдымен «Азалы ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталған шара әрі қарай «Туған өлкем – тұнған шежірем» атты фото көрмесі мен аудандық мәдени демалыс орталығы жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» залын тамашалаумен жалғасты. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры А.Нұрмақовтың сөзіне сүйенсек аталмыш шара мамандардың басын қосып, кітап сүйер қауымның қатарын көбейтуді мақсат тұтқан.

  • Фестиваль өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, туған өлкеміздің тарихы мен мәдениетін, жалпы өлкетану жұмыстарын жандандыру мақсатында өтіп жатыр. Сондай-ақ облыстық кітапхана мен көршілес аудандардан келген әріптестердің өзара тәжірибе алмасып, кәсіби тұрғыдан шыңдалуына мүмкіндік береді.

Фестиваль барысында өзге де бағдарламаларға қоса жас кітапханашылар жерлес ақынымыз А.Нәріковтің шығармашылығынан мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар қызмет барысында айтулы жетістіктерге жеткен бір топ мамандар марапатталды.

Бақтыгүл Шотанова