19.10.2018, 17:45
Қараулар: 398
Өкіл кәсіпкерлермен кездесті

Өкіл кәсіпкерлермен кездесті

«Заман» БҚО өндірушілері Ассоциациясының өкілі А.Туркина іссапармен ауданымызда болып, жұмыс нысандарын аралады.


Алдымен аяқ киім тігумен айналысатын «Шутанов» жеке кәсіпкерлік жұмысымен танысты. Кәсіпкермен жеке сөйлескен өкіл жұмысқа қажет құралдарды қай жақтан алдыртатынын сұрап, тауар бағасын білді.

  • Бізде әр тауарға өзіндік кепілдік беріледі. Бір мезгіл ғана емес, 3-4 жыл киюге әбден шыдайды. Әр айда түсетін табыс көзі түрлі. Көбіне тапсырысқа байланысты. Жұмыс жасайтын мамандарды өзім үйретіп аламын. Негізінен әлі күнге шешілмей тұрған мәселе – маман жетіспеушілігі,- дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ пластикалық терезе мен есік өндіретін «Рамазан» ЖК жұмысын көріп, оң бағасын берді. Жергілікті жерде тұрмыстық қажеттілікке жарайтын өндіріс орындарының болуы ауданның әлеуметтік дамуына мол мүмкіндік беретіні айтылды.

Іссапардың негізгі мақсаты Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы жолдауын насихаттау екенін А.Турина кәсіпкерлермен кездесу барысында тілге тиек етті.

  • Президентіміздің кезекті жолдауынан баршаңыз хабардар екеніңізді білемін. Жалпы бұл құжат елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Бүгінде халық болып жолдауда көтерілген біраз мәселелерді қолдап жатқанын естіп те жүрсіз. Соның бірі – отандық өнімді қолдап, оны үлкен көлемде өндіру бастамасы. Сіздің ауданда бұл бастаманың жақсы деңгейде дамығанын байқауға болады. Тұрғындарға көп алысқа бармай-ақ өздеріңізге тапсырыс беріп отыру мүмкіндігін жасапсыздар. Бұл бір жағынан, сіздер үшін де, халық үшін де тиімді. Жалпы істеріңізге сәттілік тілеймін,- деді өз сөзінде А.Туркина.

Кәсіпкерлер тараптарынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныс-пікірлерінің мүмкіндігінше назарға алынатыны жеткізілді.

Әсем СЕРІКҚАЛИ