19.10.2018, 18:50
Қараулар: 9
Жалпыхалықтық диктант жазу өтпек

Жалпыхалықтық диктант жазу өтпек

Латын әліппесіне көшу мәселесі аудан әкімдігінің мәжіліс залында талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиеваның басшылығымен өткен семинар-жиынға БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Мыңбаева мен филология ғылымдарының кандидаттары Қ.Аронов пен А.Абдульманов арнайы қатысты.


Көпшілік алдында бірінші болып сөз алған Айгүл Әділгерейқызы іссапар мақсатын айтып өтті.

  • Жалпы халық арасында қызу талқыға түскен латын әліпбиіне көшу мәселесі бүгінде біртіңдеп өз арнасына түсіп келеді. Қазір арнайы латын қарпіне негізделген қазақ әліппесі жасалды. Ғаламтор желісіне сүйенсеңіз үйренудің бірнеше түрін көріп, тіпті де қиын емесін түсінесіз. Облыстық «Орал өңірі», республикалық «Егемен Қазақстан» газеттерінде жаңа әліппемен жазылған мақалалар шығып та жүр. Жалпы латын графикасына көшу белгілі кезеңдерге бөлінген. Мысалы 2021-2023 жылдары халықтың жеке куәлігі мен өзге де құжаттары латыншаға аударылатын болады. Ал 2019 жылы мектепке дейінгі даярлық тобы алғаш болып латын тілінде сабақ алатын болса, 2020 жылы бірінші сыныпқа қадам басқандар да жаңа әліппемен сусындайды. Осы кезеңдерді өте отырып 2025 жылға дейін латын әліппесіне көшіп болуымыз керек. Ең соңғы кезең 2023-2025 жылдары мемлекеттік басқару органдарында жүргізілетін іс-қағаздар жұмысы, бұқаралық ақпарат құралдары мен басылымдары жаңа әліппеге ауысып, өзге де жоспарлар жалғасын таба береді,- деді өз сөзінде басқарма басшысы.

Сондай-ақ ғылым кандидаты Қ.Аронов өз кезегінде латын әліпбиінің жаңғыру мен жаһанданудың алғышарттары екенін тілге тиек етті.

  • Егемендігіміздің белгісі де осында, жаңа іс қолға алынып жатқанда халық пікірі сұралды. Халықтың келіспеушілік танытқанына байланысты латын әліппесі үш рет өзгертіліп, қайта жасалды. Біртіңдеп оқулықтар ауыса бастап, қазір көпшілік еркін жаза алатын дәрежеге жетті. Бұл бір күннің ішінде шешілген сұрақ емес. Бұған біз сан жылдар бойы жүріп келдік. Бүгінгі заманға байланысты аталмыш әліппені қабылдау еліміздің ертеңі үшін қажет,- деді өз сөзінде Құспан Ғұмарұлы.

Ал А.Абдульманов жиналғандарға қазақ емлесінің негізгі ережелерін түсіндірді.

  • Сіздерге бір жағынан аталмыш әліппе жеңіл көрінгенмен, ондағы ерекшеліктерді ескерген жөн. Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, кейбір сөздердің айтылуы мен жазылуында өзгешеліктер көп. Алайда сөздің айтылуы оның жазылуына біршама жақын болу керек. Қазір ғалымдар өз алдына арнайы жұмыстар жүргізіп жатыр,- деді.

Сондай-ақ қонақтар 14-қазанда жалпыхалықтық диктант жазу күні болатынын еске салды. Олардың айтуынша, диктант жазу тұрғындардың білімін бағалау емес, әліппедегі байқалмай жүрген мәселелерді шешу мақсатында өткізіледі.

Әсемгүл СЕРІКҚАЛИҚЫЗЫ