23.10.2018, 19:58
Қараулар: 5
«Дін саласы күрделі әрі нәзік…» Түсіндіру жұмысы артық емес

«Дін саласы күрделі әрі нәзік…» Түсіндіру жұмысы артық емес

Республикалық ақпараттық-насихат тобы мүшелері ауданымызға табан тіреп, кеңейтілген семинар отырысына қатысты.


Дінтанушы Тұрар Түгелұлы мен БҚО дін басқармасының «Дін мәселесін зерттеу» орталығының дирекоры Арман Нұрахметұлы бастаған насихат тобы өкілдері алдымен аудан ахуалынан хабар алды. Аудандық мәдени-демалыс залында ашылған «Рухани жаңғыру» залымен танысып, «Ақ тілеу» әжелер ансамблімен жүздесті.

Мұнан соң Тасқала колледжі студенттерімен кездесіп, дөңгелек үстелге қатысты. Өз кезегінде аталмыш іссапардың негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.

  • Жергілікті тұрғындардың діни сауаттылығын арттырудың маңызын ескере отырып, осындай кездесулер ұйымдастырудамыз. Ислам дінінің құндылықтарын насихаттай отырып, жат діннің ағымына түсіп кетуден сақтануымыз керек екенін әрдайым айтудамыз. Елімізде қандай дін ұстанса да халықтың өз еркі, алайда шектен шығуға болмайды. Мысалы, ислам дініндеміз деп сақал мұртын қалай болса солай өсіріп, шалбарының балағын кесіп тастап, ауырған баласын дәрігерлерге қаратпайтын жандар дұрыс бағыттағы дінді ұстанушылар емес. Әйелдерін басынан-аяғына дейін тұмшалап киіндіру де ислам дінінде жоқ дүние. Қазір халықтың тыныштығын кетірген террористер де осындай жандардың қатарынан шығып жатыр. Өздеріңізге мәлім бүгінде Сирия мемлекетінің берекесі кетіп, құты қашып отыр. Ол жақта оқу тоқтатылған, елдің экономикасы әбден құлдыраған. Халқы бір түн тыныш ұйықтай алмайтын халде. Бұның барлығы дінді теріс бұрмалап, халық арасына таратқан араздықтың кесірінен туып отыр. Егер дінге қатысты өздеріңізді мазалаған бір сұрақ болса әркімнің сөзіне сене бермей, мектептегі ұстаздарыңыздан, мешіттегі имамдардан сұраңыздар. Солардың берген жауабына иланып, Аллаға ғана сеніңіздер,- деді өз сөзінде Тұрар Абуов.

Сондай-ақ сөз алған Арман Нұрахметұлы ислам діні адамдарды бейбітшілік пен мейірімділікке шақыратынын, қару мен Құранның қатар жүрмейтінін тілге тиек етті.

Аудан басшысы А.Халеловтың қабылдауында болған топ өкілдері әрі қарай кеңейтілген семинар отырысына қатысты. Жиналғандарға дін мәселесінің күрделі де нәзік сала екенін айтқан мамандар сол бағытта жүргізілген жұмыстардан баяндама жасап, қойылған сұрақтарға жауабын берді.

Әсем СЕРІКҚАЛИ