7.11.2018, 12:12
Қараулар: 144
Жоба аясында … немесе өз тілін өзгелер қалай оқытады?

Жоба аясында … немесе өз тілін өзгелер қалай оқытады?

Елге келген қонаққа ақ дәм ұсынып «қош келдің» білдіру жомарт халық үшін қашан қиын болыпты? Тек осы жолғы мейманның өзі түгілі тілі де өзгеше демесеңіз. Алайда сөзін түсінбесе де, жылы қабақ пен ақ ниетті күлімдеген жанарлардан оқыған қонағымыз ұлттық киімдегі қыздарымыздың айран мен бауырсақты тегіннен-тегін ұсынып тұрмағанын бірден білді-ау.


Естеріңізге салсақ, осыған дейін «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «English for jastar»  партиялық жобаның қолға алынғанын, ендігі кезекте ауыл жастарына ағылшын тілін үйретудің жаңа әдістері қолданылатынын жазған болатынбыз. Осы орайда облысымыздағы белгілі оқу орнының белсенді студенттерімен қатар, шет елден арнайы мамандар шақырылатыны айтылған. Аудандық мәдени-демалыс орталығының алдында дәстүрдің ұшқынын көрсетіп қарсы алып тұрған мейманымыз да осы жоба аясында ауылымызға ат басын бұрған Эмил Кхан есімді Пәкістан азаматы.

Тасқалаға табан тіреген шетел азаматына аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез ауылдың көрікті жерлерін таныстырып шықты. Айта кетейік, аталмыш жобаға қатысушы Жәңгір Мүбинов осыған дейін өз жұмысын бастап кеткен. Бүгінде Эмил Кханмен бірігіп жұмыс жасап, аудармашылық қызметін де атқаруда.

Алдымен қонақтарға «Рухани жаңғыру» залы таныстырылып, халық қазынасына айналған дүниелердің тарихы айтылып, ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрден хабар берілді. Ұлы Отан соғысына қатысып батыр атағын алған жерлестердің ерлігі баяндалып, еліміз егемендік алғанға дейін қанша қиын заманды бастан өткергені әңгімеленді.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазездің айтуынша шетелден келген азамат аталмыш жобаға қатысуға өзі сұраныс тастап, еріктілік танытқан.

  • Ауыл жастарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік жасау – ең өзекті мәселелердің бірі. Аталған жобаның басты мақсаты Қазақстан аймақтарында шет тілін үйренуде төмен мотивация мәселесін шешу және ағылшын тілін меңгеруді қол жетімді ету болып табылады. Облысымыз бойынша ең алдымен жоба Ақжайық, Теректі, Сырым, Бөрлі, Зеленов және Тасқала аудандарында пилотты түрде жүзеге асуда. Әр ауданға  жергілікті М.Өтемісов атындағы БҚМУ, БҚИТУ, Ж.Досмұхамедов  атындағы педагогикалық колледж студенттері жергілікті мектептер мен коворкинг орталықтарында сабақтан тыс уақытта 8-11 сынып оқушыларына арнайы speaking club, деңгейлік «Elementary»  және «Pre-Intermediate» бағдарламалары бойынша «Oxford» университетінен шығарылған кітаптармен сабақтарды жүргізетін болады,- деді өз сөзінде Думан Ғазез.

Пакистаннан арнайы келген қонағымыз аудан орталығындағы Сәтбаев мектебінде 15 күндей жұмыс жасайтын болады. Шетел азаматымен өзге тілде сөйлесу оқушылар үшін тілді практикалық тұрғыдан үйренуге мүмкіндік беретінін ескеру қажет.

Ауданның тыныс-тіршілігімен жалпылай танысып өткен мейман Сәтбаев мектебіне болып, оқушылармен жүздесті. Көп ішінен өзгешеленіп тұрған азаматқа оқушылар өз тараптарынан сұрақтарын қойды. Шәкірттердің белсенділігін көрген жаңа оқытушы олармен тіл табысып, қызық жұмыс боларын алға тартты.

AIMAL KHANға сәттілік тілейміз, ал жұмыс нәтижесін жоба соңында көрерміз.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА