15.11.2018, 16:39
Қараулар: 629
«Ел баласы бөтен болмайды…»

«Ел баласы бөтен болмайды…»

«Балаға қай тілде білім берсең, түбінде сол елге қызмет ететін болады» дейді  Мұстафа Шоқай. Ал үш тілді қатар меңгеріп, тәрбиенің тең жартысын ғаламтордан алып жүрген балдырғандардың ертеңгі тағдыры не болмақ?

Дәл осы мәселе күн тәртібінде тұрған өзектілердің қатарында.


Аудан әкімінің лездемесінде Алдияр Сансызбайұлы ауданға қарасты негізгі проблемаларды көтере келіп, ұрпақ тәрбиесі жөнінде сөз қозғағанын көріп жүрміз. Ұлттың болашағы болар ұрпақтың тағдырына алаңдау қолдауға лайық дүние екені белгілі. Ал бұл мәселені шешудің қандай жолдары бар? Балабақша және мектеп тәрбиесімен шектеліп қалған дұрыс па? Сауалға жауап табылғандай.

Аудандық мәдени-демалыс орталығында «Ақ тілеу» әжелер ансамбілінің мүшелерімен кездескен аудан басшысы осы тақырыпты ақ жаулықтылардың алдында көтерді.

  • Қазіргі таңда мектеп пен балабақша балаға білім мен тәрбиені қатар береді дегеннің өзінде көңіл толғандыратын сауалдар бар. Мысалы мектептен келген бала сабағын оқып болысымен ғаламторға жүгінеді, оған қарап жатқан ата-ана жоқтың қасы. Себебі жұмыс, үй тірлігі, әйтеуір бірдеңе табылары анық. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіз. Қазіргі балалар ұлттық рухтан қалыс қалып, негізгі тамырын жоғалтып алып жатқандай. Осы ретте көпті көрген көңіліздің алдында ақылдасайын деп келдім. Егер балабақшаға барып, балалармен уақыт өткізуді ұсынсақ қалай қарайсыз? Балдырғандарға ертегі айтып, үлкен топтарға қолөнер немесе тағы бір өнегел іістеріңізді үйретсеңіз бала тәрбиесіне қосар көмегіңіз болар еді,- деді Алдияр Сансызбайұлы.

Әнімен халықты тербетіп, өнегесімен елітіп жүрген әжелер аталмыш ұсынысты бір ауыздан қолдады. Ұрпақ келешегін әріден саралаған абзал аналар қолдан келгенше көмек беріп, белсенділік танытуға келісті.

  • Қазақ «атаңның емес, елдің баласы бол» демейтін бе еді? Халықтың қамын, жұртының жоғын ойлаған бала бірден туылмайды, ондай жанды тәрбиелеу керек. Елдің баласы бөтен болмайды. Ұсынысыңыз да, уайымыңыз да орынды. Біз де қолдан келгенше белсенділік танытып, көмегімізді береміз,- десті.

Айта кетейік, 30 жылдық тарихы бар ансамбль осыған дейін мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырып, қыздар тәрбиесі туралы әңгіме өрбітіп жүр. Қазақ қызына тән тектілік пен ибалық, ұлдарға тән рух пен қайсарлық тақырыбындағы сөздері жастар үшін өнегеге айналды. Дәл осындай нәтижені балабақша тәрбиеленушілері қатарынан да көруге ниетті екеніміз рас.

Ендеше біз де, ұл мен қызды ел баласы болуға тәрбиелейтін әжелерімізге сәттілік тілемей, келешек өскелең атынан алғыс айтайық!

Әсемгүл БЕКЕШЕВА