19.11.2018, 20:19
Қараулар: 119
«Ауыл азаматтарын біріктіру қажет…»

«Ауыл азаматтарын біріктіру қажет…»

Аудан басшысы А.Халелов бастаған бір топ қызметкерлер Мереке аулында бас қосты. Аталмыш жиында ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартатын мәселелер мен ауылшаруашылық саласының жұмыстары талқыланды.


            Алдымен ауыл әкімі Рауан Бирмұхановтың үстіміздегі жылдың 10 айлық қорытындысына жасаған баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 5 азамат 24 млн.600 мың теңге көлемінде несие алып, 44 бас ірі қара және 300 бас қой сатып алған.

  • Сондай-ақ, 2 азаматша мемлекет тарапынан бөлінген грант ұтып алып, бүгінде өз істерін бастап отыр. Оның біреуі ауыл ішінде шашатараз ашса, екіншісі ұлттық негізде көрпе тігеді. Осы жылы 6 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып, мал өсіру және жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болды. Жергілікті өзін-өзі басқару қолма-қол бақылау шотындағы 747 мың теңге қаражатқа «Асыл әжелер» ансамбліне ұлттық киімдер тігілуде, сонымен қатар мәдениет үйімізге жаңа музыкалық дыбыс күшейткіш құрылғысы алынды. Абай және Ақжігіьов көшелеріне электр жарығы сымдарын тарту және бағаналарды орнатужұмыстары жүргізілді. Алайда, Ақжігітов көшесіндегі жұмыс толық аяқталған жоқ. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы бөлінген 4 млн.300 мың теңгеге ауылдық кіреберіс, Мереке-Қалмақ ауылдары арасындағы жолдарға жергіліктікті топырақ төгу жұмыстары жүргізілді,- деді.

Бұдан өзге басқосуда ауыл тұрғындары өздерін мазалаған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, ауылдағы пошта қызметі тұрғындардың мазасын әбден алған. Газет-журнал, хат секілді жазылымдарды уақытылы жеткізу түгілі пошта арқылы несие төлеу қызметінің өзі көпке кешігеді. Сондықтан да несие алуын алса да, оны уақытылы төлеуге тырысқан тұрғындар бәрібір кешіккен төлем үшін үстінен төлеуге мәжбүр болып, бүгінгі таңда несие берген банктердің сенімінен шығып қалып отыр.

            Ауыл адамдарын мазалаған келесі сауал — мал дәрігерінің жоқтығы екен. Төрт түлік арқылы шаруасын дөңгелетіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған жандардың малы уақытылы тексерістен өтпегелі қашан. Бұл аз десеңіз, ауыл ішінде жүрген ит пен мысық та көбейген. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар бүгінгі күні мал ауруының алдын алу шараларына мұқтаж болып отыр.

Мәселелердің келесі қатарын электр жарығы толықтырып береді. Мерекеліктердің айтуынша, үй ішіне қондырып қойған жоғары қуатты жарық шамдарының әлсіздігі сонша тіпті бас айналдырады. Ал сол жарықтың астында сабақ жасайтын бала мен іс тігетін шаруаларға обал-ақ.

«Цифрлы Қазақстан» немесе электронды жүйе деп өзгелер шулап жүрсе, мерекеліктер қарапайым ғаламтор жүйесіне зәру болып отыр екен. Тек қана ауыл әкімдігі мен мектеп ғимаратында бар ғаламтордың жылдамдығын сөзбен жеткізу қиын-ақ. Ал бұл мәселе қай уақыттан бері қанша жиындарда көтеріліп келгені ауыл адамдарына жақсы таныс.

Атап айтатын болсақ, ауыл тұрғындары көтерген мәселелер қатары бұнымен шектелмейді. Шаруа қожалықтарымен болған жиналыста да қозғалған мәселелер қатары алдағы уақыттың еншісінде. Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы шаруа қожалықтарымен болған отырыста ауылды дамыту бағытында қызмет жасауды қадап айтты.

  • Ауылда отырып төрт түлік ұстамайтын жандарға сіздер керемет үлгі боласыздар. Мысалы жылқы ұстап отырған шаруалар әрі қарай кәсіпті дамытудың жолдарын қарау керек. Ерте жастан баланы тартыңыз сол жұмысқа. Отбасылық кәсіпті дамыту керек. Жылқы өсіріп отырсаңыз, қымыз жасап сатыңыз, алдағы уақытта арнайы цех ашуды көздеңіз. Бәрі де қолдарыңыздан келеді,- деді.

Мұнан соң аталмыш жиын ауылдағы өзге салаларды тексерумен жалғасты. Аурухана қызметкерлері мен білім саласының мамандарымен кездескен аудан басшысы олардың да ой-пікірін білді.

Дәл осындай жиналыс өзге ауылдарда да жалғасатын болады.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА