23.11.2018, 10:20
Қараулар: 552
Ұршық ұмыт қалмасын

Ұршық ұмыт қалмасын

Кішкене сіңілімді балабақшадан алып үйге жеткенше 15-ақ минуттай өтеді. Алайда үйге жетіп сырт киімін шешкенде қолының тонып қалғанын байқадық. «Қалың ғой» деп алған қолғаптың әсері неге жоқ? Шіркін, әжелер қолынан шыққан  бала күніміздегі қолғаптарға қайдан жетсін?! Өздері ұмытылса да, жылуы әлі күнге есте сақталған дүниелердің не қасиеті бар еді?


Бала күнімізде ауылдағы кемпіршуақта отырып, әңгіме-дүкен құратын әжелерді жиі көзіміз шалушы еді. Өткен-кеткенді қозғап, әріден сөз бастайтын көненің көздері қолдары қатар қимылдап, қаһарлы қыстың ызғарында киетін тоқыма киімдерін қамдап отыратын. «Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды» демекші аяқ-қолы тынбай ұршық иіретін әжелер бас қосқан сондай бір уақытта кесектей-кесектей аппақ тоқыма жіптерді әп-сәтте-ақ төгіп-төгіп тастайтын.   Әйелдің шеберлігі мен ұқыптылығын дәлелдейтін осы ұлттық мұраның бүгінде қадірі қандай? Ұлттық мұра бүгінгі ұрпақ есінде қаншалықты сақталған?

Мәдениеті толық дамымаған кезеңдерде-ақ өз өміршеңдігін дәлелдеп үлгерген ұршықты ұрпақ арасында насихаттаудың қандай маңызы бар? Осы орайда ауылдың қадірлі тұрғыны, бүгінде немере сүйген асыл әже, «Ақ тілеу» әжелер ансаблінің мүшесі Бақыт Мұратова апамызбен болған сұхбатымызды назарыңызға ұсынамыз.

  • Апа, ұршық пен тоқыма дүниелердің қадіріне әбден жеткен буын өкілісіз ғой. Ұршықтың біз білмейтін қандай қасиеті бар?
  • Мен 1947 жылы туылғанмын. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ата-анамызға жеңіл тимегені рас. Жалпы халқымыздың жоқтан бар жасайтын қасиеті бар ғой. Бар асты талғажау етіп, қолдағы дүниенің қызығын көруге жазсын деп тілейді. Сондай кездерде қолөнердің халыққа үлкен көмегі болғаны аян. Ол кезде бар халық жыртығын бүтіндеп, үсті басын тек тоқыма киімдермен жауып отырды. Ұршық ұрпаққа не үшін керек? Ол тек қолөнер емес. Ұршық иіру арқылы қазақ қыздарды тәрбиелеген. Бір жерде отырып іс тігу үлкен шыдамдылықты, ұқыптылықты қажет етеді. Қыздардың шеберлігін шыңдайды. Тек қана ұршықты сылтауратып қоймай, үйдің басқа да тірліктерін бітіреді. Соның барлығы қыздың биязы мінезін қалыптастыруға көмектеседі.
  • Қазір дүкендерден сатып алған тоқыма киімдердің жылуы шамалы сияқты?
  • Себебі қазір дүкенде әзір жіп көп. Сондықтан тоқу білетін әйелдер сол әзір жіпті алады да, көңіліндегі дүниесін жасап шығарады. Ал ұршықпен иірілген жіптің жөні бөлек, әрине. Себебі, ол таза жүннен жасалады. Ондай жіптің қалыңдығы, тығыздығы бөлек. Сондықтан да жылуы мол болып келеді. Аналарымыз кезінде бас киімнен бастап, аяғымыздағы шұлыққа дейін тоқып беретін. Үстіміздегі көйлек пен жемпірге дейін тоқыма болатын. Ал қазір балалар тоқылған дүниелерді көп кие бермейді.
  • Түбіттен тоқылған дүниені жұрт көп мақтайды ғой?
  • Ешкі малының негізінен қасиеті көп айта берсек. Ешкі жүнін тарап алып түбіт жинайды. Одан шыққан дүниеге жетері жоқ. Тіпті қақаған аяздарда қолыңа түбіттен жасалған қолғап кисең, қолың терлеп кетеді. Сондықтан болар аналарымыз бұрын түбіттен тоқылған шәліні жамылып алып сырт жақтағы шаруаларын тыңдырып жүре беретін. Түбіттен тоқылған дүниелер мақтауға тұрарлық.
  • Ұршықтың қандай түрлері болады?
  • Халық арасында оның түрлері көп. Дегенмен өзім қол ұршық және аяқ ұршықпен жұмыстандым. Жас күнімде тоқуды білгеніммен, тұрмысқа шыққан соң ғана іс тігетін болдым. 24 жасымда балалы болған соң жұмыстанбауға амалым да болмады. Шұлық, жемпір пен бас киім, қолғаптан бөлек алашалар тоқитынбыз. Алашаларды әдемі, бір-біріне ұқсамайтындай қылып жасауға тырысатынбыз. Ол үшін жүнді түтіп болған соң арнайы қазанға салып қайнатып, түрлі-түсті етіп бояйтынбыз. Қазіргі тілмен айтқанда кез-келген нәрсені тоқудың өзіндік технологиясы болатын. Негізінен, жаз айларында қырқылған жүнді көпке пайдалануға болады. Тоқымаға да, көрпе-жастық жасауға да жақсы келеді. Ал күздегі жүн көбінесе, киіз басуға ыңғайлы.
  • Қыздарыңыз, келіндеріңіз тоқу біледі ме? Жалпы олардың жұмысына көңіліңіз толады ма?
  • Қыздарыма өзім үйреттім. Мектеп жасынан бері тоқуды біледі. Өзім де күні кешеге дейін ұршығымды қолымнан тастамағанмын. Тек жақында көзіме ота жасатып, қазір тек немеремен ойнап отырамын. Келінім өте шебер. Балабақшаға баратын қызға бас киімі, көйлегі керек пе бәрін тоқып береді. Өте шебер тоқиды, тек ол да дүкеннен әзір жіп алады. Алайда өте әдемі, жинақы етіп және шапшаң тоқып тастайды. Ұзақ күн жұмыста болып, үйге клеген соң баламен отырса да іс тігуге уақыт тауып жүр.
  • Дегенмен, қазіргі буынның қолынан бұл шаруа көп келе берметіндей?
  • Іс тігуді білмеуі былай түрсын, қазір көбі ұршықтың не екенін ұмытқандай. Ауылдық жерде тұрып тоқумен айналыспайтын, жүн жуып көрпе жасамайтын жандарды білемін. Оларды көргенде қарным ашады. Біреулері ол жұмысты ұнатпаймыз десе, біреулері жүннің иісінен жиіркенетін көрінеді. Дегенмен, бұның бәрі – сылтау. Шаруаға ептілігі бар адам оған уақыт та табады. Қазір жастар жұмыстан келдік шаршадық деп жата кетеді. Ал керісінше кешкі уақытта үй ішімен әңгіме айта отырып іс тіксе көңілі серпіліп, ойы алаңдап демалып қалатын еді. Алайда, бүгінде осы арқылы шаруасын дөңгелетіп, ісін жүргізіп отырғандар да бар. Олар ұлттық өнердің қадіріне жеткен жандар деп есептеймін.

 

P/S: Тарих беттеріне сенсек, ұршықты шаруашылықта пайдалану неолит заманынан бастау алады екен. Тіпті, қола дәуіріндегі ескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған оның қалдықтары да көптеп табылған. Ал, тарихшы мамандардың айтуынша, ежелгі Шығыс елдерінде де қол ұршығы пайдаланылған көрінеді. Демек, бұл біз көріп жүрген дүниенің тарихы тереңде жатқандығын аңғартады.

            Бүгінде тоқыма өндірісі жедел дамып, түрлі техникалар іске қосылғанмен, қазақтың түтіні шыққан кей ауылдарда ұршық тек шаң басып жатып қалмай, мүлде жойылып баратырғаны жанға батады.

            Бұл туралы сіз не дейсіз, құрметті оқырман!

Әсемгүл БЕКЕШЕВА