26.11.2018, 11:11
Қараулар: 10
Отбасылық кәсіпті дамыту керек

Отбасылық кәсіпті дамыту керек

Аудан басшысы А.Халелов бастаған бір топ қызметкерлері мен аудан прокуроры М.Изимов Мереке аулында бас қосып тұрғындармен кездесті. Аталмыш жиында ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартатын мәселелер мен ауылшаруашылық саласының жұмыстары талқыланды. Қоғамдық қабылдау өтті.


           Алдымен ауыл әкімі Рауан Бермұхановтың үстіміздегі жылдың 10 айлық қорытындысына жасаған баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 5 азамат 24 млн.600 мың теңге көлемінде несие алып, 44 бас ірі қара және 300 бас қой сатып алған.

  • Сондай-ақ, 2 азаматша мемлекет тарапынан бөлінген грант ұтып алып, бүгінде өз істерін бастап отыр. Оның біреуі ауыл ішінде шашатараз ашса, екіншісі ұлттық негізде көрпе тігеді. Осы жылы 6 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып, мал өсіру және жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болды. Жергілікті өзін-өзі басқару қолма-қол бақылау шотындағы 747 мың теңге қаражатқа «Асыл әжелер» ансамбліне ұлттық киімдер тігілуде, сонымен қатар мәдениет үйімізге жаңа музыкалық дыбыс күшейткіш құрылғысы алынды. Абай және Ақжігітов көшелеріне электр жарығы сымдарын тарту және бағаналарды орнату жұмыстары жүргізілді. Алайда, Ақжігітов көшесіндегі жұмыс толық аяқталған жоқ. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы бөлінген 4 млн.300 мың теңгеге ауылдық кіреберіс, Мереке-Қалмақ ауылдары арасындағы жолдарға жергіліктікті топырақ төгу жұмыстары жүргізілді,- деді.

Бұдан өзге басқосуда ауыл тұрғындары өздерін мазалаған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, ауылдағы пошта қызметі тұрғындардың мазасын әбден алған. Газет-журнал, хат секілді жазылымдарды уақытылы жеткізу түгілі пошта арқылы несие төлеу қызметінің өзі көпке кешігеді. Сондықтан да несие алуын алса да, оны уақытылы төлеуге тырысқан тұрғындар бәрібір кешіккен төлем үшін үстінен ақы төлеуге мәжбүр болып, бүгінгі таңда несие берген банктердің сенімінен шығып қалып отыр.

          Ауыл адамдарын мазалаған келесі сауал — мал дәрігерінің жоқтығы. Төрт түлік арқылы шаруасын дөңгелетіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған жандардың малы уақытылы тексерістен өтпегелі қашан. Бұл аз десеңіз, ауыл ішінде жүрген ит пен мысық та көбейген. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар бүгінгі күні мал ауруының алдын алу шараларына мұқтаж болып отыр.

  Мәселелердің келесі қатарын электр жарығы толықтырды. Мерекеліктердің айтуынша жоғары қуатты жарық шамдарының әлсіздігі сонша кешкілік үйдің іші қараңғыланып, тіпті бас айналдырады екен. Ал сол жарықтың астында сабақ жасайтын бала мен іс тігетін жандарға  бұл тіпті обал.

            «Цифрлы Қазақстан» немесе электронды жүйе деп өзгелер шулап жүрсе, мерекеліктер қарапайым ғаламтор жүйесіне зәру болып отыр. Тек қана ауыл әкімдігі мен мектеп ғимаратында бар ғаламтордың жылдамдығын сөзбен жеткізу қиын. Ал бұл мәселе қай уақыттан бері қанша жиындарда көтеріліп келгені ауыл адамдарына жақсы таныс.

Атап айтатын болсақ, ауыл тұрғындары көтерген мәселелер қатары бұнымен шектелмейді. Шаруа қожалықтарымен болған жиналыста да қозғалған мәселелер қатары алдағы уақыттың еншісінде. Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы шаруа қожалықтарымен болған отырыста ауылды дамыту бағытында қызмет жасауды қадап айтты.

  • Ауылда отырып төрт түлік ұстамайтын жандарға сіздер керемет үлгі боласыздар. Мысалы жылқы ұстап отырған шаруалар әрі қарай кәсіпті дамытудың жолдарын қарау керек. Ерте жастан баланы тартыңыз сол жұмысқа. Отбасылық кәсіпті дамыту керек. Жылқы өсіріп отырсаңыз, қымыз жасап сатыңыз, алдағы уақытта арнайы цех ашуды көздеңіз. Бәрі де қолдарыңыздан келеді,- деді.

Мұнан соң аталмыш жиын ауылдағы өзге салаларды тексерумен жалғасты. Аурухана қызметкерлері мен білім саласының мамандарымен кездескен аудан басшысы олардың да ой-пікірін білді.

Аудан әкімі бастаған делегация екінші күні Амангелді ауылына атбасын бұрды. Алдымен ауылдық округ әкімдігінде  қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерімен кездесіп олардың пікірлерін тыңдады. Содан соң мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен жүздесті. Жиын барысында  округ әкімі Қ.Жұмагереев пен  учаскелік полиция инспекторы Р.Нықбаев 10 айда атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Учаскелік полиция инспекторының айтуынша округ бойынша 3 қылмыс тіркеліп, бүгінгі таңда ол толықтай ашылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде 57 әкімшілік хаттама толтырылып 181 мың 578 теңге айыппұл салынып, 127465 теңге қаражат өндірілген.

Амангелді ауылында түнгі уақыта қоғамдық көмекшілер және  шекара қызметкерлерімен арнайы рейд ұйымдастырылып тұрады. Округ бойынша тазалық жұмыстары қолға алынып, мал ұрлығының алдын алу бағытында әртүрлі шаралар өткізіліп, түсінік жұмыстары жүргізілген.

Ауыл әкімінің айтуынша абаттандыру жұмыстары қолға алынып, келер жылдың жоспары жасақталған.Сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып 10 тонна көң-қоқыс далаға шығарылған. Демеушілердің көмегімен қоқыс төгетін арнайы орын жасақталғанымен тұрғындардың жауапсыздығынан, яғни тазалық мәселесіне салғырт қарағандықтан қоқыстар арнайы орынға жеткізілмей тасталған. Осыдан келіп ауылдық округте әлі де болса тазалық мәселесінің дұрыс жолға қойылмай келе жатқанын аңғаруға болады.

Одан әрі аудан басшысы Алдияр Сансызбайұлы сөз алып бірден тазалық мәселесін тілге тиек етті. Тазалық мәселесіне көз жұма қарамайық. Ел болып ауылдың ажарын келтіретін ағаштар мен гүлзарлар отырғызуды неге қолға алмасқа? Үйлердің айналасын мұнтаздай таза ұстап, елге келген қонаққа ауылымызды ұялмай көрсететіндей дәрежеге неге жеткізбеске? Жақында іссапармен Татарстанның Ақтаныш ауданында болдық. Ондағы тазалықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, тек көретін көз керек. Олардан біздердің қай жеріміз кем? Сондықтан тазалықты  бірінші орынға қоюымыз керек. Мектеп пен мәдениет үйінің, қалаберді әкімдіктің алдары бос жатпай оларға ағаш пен гүл отырғызу керек. Көше толған малдың қиынан арылатын уақыт жетті. Сол себепті оларды ауыл шетінде бағатындай жағдай жасаған дұрыс. Құс өсіріп, еңбек етуміз керек. Ауылдың жанында су сақтайтын шағын тоғандар мен бөгеттерді жөндеп іске қосқан дұрыс. Соңғы уақытта жаңбырдың жаумай кетуінің де себебі сол күн бұлттанғанда булану арқылы  оны тартатын су көздері жоқ. Сондықтан осы мәселені де қарастырған жөн. Егер бөгеттер мен тоғандар болса жазда мал суаруға немесе бау-бақша егуге пайдалануға болады-деді.

Жиналыс барысында тұрғындар өздерін толғандыратын сауалдарға нақты жауап алды. Әсіресе пошта қызметінің көңіл көншітпейтіні, газет-жорналдардың уақтылы жетпейтіні бұл ауылда да көтерлді. Сондай-ақ пошта қызметкерінің жиі ауысатыны да жұмысқа үлкен кедергі келтіретінін тұрғындар жасырмады. Коммуналдық төлемдерді төлеу үшін үстіне қосылатын пайыздық мөлшерменің де қымбат екенін, тіпті орталықтағы поштаға бара қалған жағдайда  бітпейтін кезек екенін тілге тиек етті. Бұдан басқа  ауыл тұрғындары көгілдір отынға төленетін берешек сомаларының дұрыс есептелмейтінін де жасырмады.

Аудан әкімі А.Халелов айтылған ұсыныс-пікірлерді тыңдап, ауылдық округ әкімі мен аудандық мекеме басшыларына нақты  тапсырмалар берді.
Содан соң, шаруа қожалығының  басшыларымен  және жеке кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында ауылшаруашылық саласындағы оң өзгерістер тілге тиек болып, ірі қараны етті немесе сүтті бағыттың бірін таңдап өсіру керектігін көп болып ойлануға шақырды. Арнайы сүт цехын ашып, артылған өнімді соған қабылдау бағытында жұмыстану керектігін аудан басшысы кәсіпкерлерге баса айтты.

Жұмысымды одан әрі дамытып, мал басын көбейтемін деген жандарға үкімет тарапынан беріліп жатқан көмектерді дұрыс пайдалануға шақырды. Содан соң округтегі әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

Назгүл ЖАРДЕМОВА,

Әсемгүл БЕКЕШЕВА