28.11.2018, 18:02
Қараулар: 136
Елбасы жолы насихатталды

Елбасы жолы насихатталды

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Намыс» ҚБ ұйымдастыруымен «Елбасы – ел мақтанышы» атты кездесу конференциясы өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез, тарих пәні мұғалімдері Н.Шапиков пен Т.Ажғалиев, ардагер А.Жұбанышев қатысты.


Сондай-ақ мектеп оқушыларын қатыстырған шара республикамыздың тұңғыш президенті күніне арналды. Алдымен сөз алған қонақтар мемлекетіміздің тарихын тілге тиек етіп, Елбасының еңбек жолы жайында әңгіме өрбітті.

  • Ең алғаш 1991 жылы президентімізді сайлағанда республикалық конференцияға ауданнан барып, елбасымен жолығу сәті түсті. Сол кезде көшбасшысын жаңадан сайлаған халықтың үміті мен арманы қандай болса, ел тағдырын мойнына алған баласына деген тілегі де сондай зор еді. Елбасы – халықтың батасын алып, әлі күнге үмітін ақтап келеді. Бүгінде егеменді елде ғұмыр кешуіміз көшбасшымыздың еңбегінің жемісі екенін естен шығармау керек. Әсіресе, өсіп келе жатқан жастар еліміздің қандай белден асқанын, неңдей биікке қадам басқанын білуі тиіс,- деді өз сөзінде ардагер Арон Қажығалиұлы.

Мұнан өзге де шара қонақтарының жылы лебіздері тыңдалды. Топ-топқа бөлінген мектеп оқушыларына арнайы тапсырмалар беріліп, ойын ойнатылды. Жалпы Елбасының өмір жолы мен мемлекетіміздің тарихына сүйене жасалған тапсырмалар оқушыларға аса қиындық туғызбағаны да рас.

Шара соңы аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздарының әдемі әндерімен қорытындыланды.

Айым РУСЛАН