29.11.2018, 10:22
Қараулар: 28
Ұлттық құндылықты ұмытпайық

Ұлттық құндылықты ұмытпайық

«…Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының  тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.

…Бүгінде автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі.

Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз»…

Нұрсұлтан Назарбаев, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан


Елбасының кезекті мақаласында «Атқа міну мәдениеті» тақырыбын көріп қуандық. Бұл — ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейміз деп жүргенде негізгі тамырымызға мойын бұрғызған бастама болды.

Ат құлағында ойнаған халықтың ұрпағы үшін жылқы малы – тың дүние емес. Дегенмен, баласын алты жастан ашамайға отырғызып, он жасында оқ атқызған бабалардың тәрбиесінен бүгінде қол үзіп бара жатқанымыз рас. Әсіресе, Ешкітау етегіндегі елге келгенде атпен шапқан шабандоздар туралы сөз қозғаудың реті жоқ. Мәселені тарқата айтсақ…

Аудан бойынша барлығы 27 шаруа қожалығы, өзге төрт түлікпен қоса, жылқы шаруашылығын қолға алған. Адал еңбегімен малын бағып, жағдайын жасаған шаруалар қолдағы түлікті көбейтіп сатудан ары аспай отыр. Алайда, дәл осы жандар қазақтың түтіні шыққан ауылдарда отырып мал ұстамайтын тұрғындарға үлгі болуда. Айтарымыз ол емес.

Біз көтергелі отырған мәселе – шаруашылықтың даму жолы. Атап айтқанда, жылқы өсіру жұмысына емес, соған қатысты ат спортын қолға алу мәселесіне тоқталғымыз келеді.

Төрт түліктің қадіріне жеткен қазақ үшін оның бағасы қашан да қымбат. Тіпті технология дамыған бүгінгі дәуірдің өзінде мал бағудың жаңа әдістері қатар шығуда. Дегенмен, мал бағуда алдына жан салмаған қазақтың ұрпағы бүгінде төрт түлікті тек қана табыс көзіне айналдырғандай. Ал жылқы малының біз біле бермейтін қасиеті қаншама?

Жеті қазынаның бірі саналған жылқы естілігімен ерекшеленеді. Олар оқырану, кісінеу арқылы бір-бірін шақырса, осқыру, жеру арқылы қауіп-қатерден сақтандырады. Кейбір зерек болып біткендері иесінен басқа жанға ұстатпайды да.

Бұдан өзге, жылқының сүті түрлі ауруларға шипа болатыны бар. Атап айтқанда, қымыз адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды.  Қымыз іштегі ыстықты азайтып, адамның физикалық жағдайы мен ас қорытуды жақсартады, тәбетін ашады. Оның құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды.

Осындай қасиеттерді бойына сіңірген мал патшасы бұнымен шектелмейді. Жылқыға мінудің өзінде айтарлықтай дүниелер бар. «Ер қанаты – ат» деген қазақ баласы 4-5 жасқа толғанда бәсіре тайды сыйға тартып, оған ашамайды ерттейді. Бұл – сен енді азамат болдың, елдің үмітін арқалайтын жасқа келдің деген ырымды білдірген. Осыдан кейін-ақ бала мен аттың жүрегі бір соғатындай дәрежеге жеткен.

Осынау дәстүрдің басқа да пайдасы баршылық. Себебі атқа мінген адамның сана-сезімі қалыптасып, өз-өзіне деген сенімділік пен күшті ерік-жігерге қол жеткізетін болған. Өз ойын ашық білдіріп, ерлік қасиетті бойына сіңірген. Жалпы алғанда халқымыз үшін атқа міну үлкен өнерге пара-пар.

Жылқы малының қасиетін саралай келе, аудан орталығында ат спортын ашуды неге қолға алмасқа деген сауал туындайды. Ұрпақ тәрбиесімен айналысуға айтарлықтай септігін тигізетін ат спорты мектебінің ашылуына деген аудан әкімнің оң көзқарасын көріп жүрміз. Тұрғындармен болған кездесулердің барлығында Алдияр Халелов ұлттық спорт түрін қолға алудың маңызын халыққа үнемі түсіндіріп келеді. Десек те, айтылған сөзді нақтылау мақсатында аудан әкіміне тағы жолықтық.

  • Аудан орталығында ат спортын ашу мәселесі біраздан бері талқылануда. Дегенмен шешілмейтін мәселе жоқ, ыңғайын тапса. Сондықтан қазіргі таңда аталмыш спорт түрінің арнайы құжаттары жасақталуда. Қағаздары дайын болған соң арнайы конкурс жариялап, жұмысты мойныма аламын деген шаруа қожалықтарымен кездесеміз. Егер жері бар, аудан тұрғындарына жағдай жасай алатын мүмкіндігі бар шаруа болса рұқсатымызды береміз-деді өз сөзінде Алдияр Сансызбайұлы.

Бұл бағытта аудан орталығында өз шаруашылығын дамытып отырған «Луч» шаруа қожалығының басшысы Нариман Мусеновке жолығып, елдің патриоты ретінде бұл мәсенлені неге қолдамасқа деген ұсынысымызды білдірдік.

«…Меншігімде 150 бас жылқы бар. Бірақ тек жылқы шаруашылығымен айналыспаймын. Ия, жерім де бар. Аудан әкімінің көтеріп отырған мәселесі құптарлық дүние. Бұл жөнінде ойлану керек. Егер мүмкіндік туып жатса 30 бастай жылқыны арнайы сол спорт түріне шығарар едім. Дегенмен оны уақыт көрсетеді. Жалпы келешек жастар үшін керек дүние. Бірақ оның да өзіндік жұмыстары бар. Алдымен бұл жөнінде ойлану керек. Ал,  өсіп келе жатқан балаларымыз үшін ат спортының қажеті зор-ақ…».

Сегіз мыңнан астам халқы бар аудан орталығы үшін бір ат спортының ашылуы үлкен олжа болмақ. Алайда ауылдық жерлерде аталмыш спортқа мүмкіндік мүлде жоқ па? Мереке ауылындағы «Махамбет» шаруа қожалығының иесі Тастайбек Жұмағалиевтің айтуынша мүмкіндік мүлде жоқ емес, тек тиімді жолдарын қарастыру керек.

  • Шаруашылығымда 40 бастай жылқы бар. 20 жылдан бері қымыз сатумен айналысып келеміз. Отбасылық кәсіп болғандықтан балаларымды осы жұмысқа тартқан едім. Аллаға шүкір бүгінде шаруаны дөңгелетіп отыр. Аудан орталығы мен ауылдарға қымыз сатамыз. Қаладан да тапсырыс келіп түсуде. Тек қана тапсырыспен қабылдаймыз. Қымыздың сапасына, дәміне наразы болған ешкім жоқ. Жаңа құтыларды сатып алып, соған құйып сатамыз. Күніне 60 литр қымыз өндіріп тұрмыз. Өнімнің 1 литрін 600 теңгеден сатамыз,- дейді Тастайбек мырза.

Ал мерекеліктер үшін қымыз сатумен қатар ат спортын қолға алуға Тастайбек мырза қарсылық білдірмейді, тек тиімді жолдарын қарастыру керек дейді.

 

P/S: «Құнан – атқа, ат – мұратқа жеткізер» деген халық ұрпақ бойына жылқының тектілігін сіңіруге барын салған. Десек те, бүгінде атқа мінбек түгілі ат әбзелдерінің атауын білмейтіндер саны күн санап артуда. Бұған кімді кінәлаймыз? Ауылда тұрып мал ұстамайтын идеал өмірге талпынғандарды ма, әлде ұлттық құндылықты ескілікке балаған ұрпақты ма?

Байқап қарасақ, аудан орталығында ат спортының ашылуы бірнеше мәселенің шешімін табуға мүмкіндік берер еді. Атап айтқанда, бұл спорт түрі ашылған жағдайда тұрғындардың салауатты өмір ұстануына мүмкіндік жасасақ, екіншіден, көкпар, теңге алу секілді ұлттық ойынымызды жаңғыртамыз. Осылайша ұлттық спортымыздың тек қана Ұлыстың Ұлы күнінде емес, күнделікті өмірде назарда болуына жол ашар едік.

Осыған дейін бірнеше рет көтерілген бұл мәселені қолға алу басшылық тарапынан қолдау таппаған еді. Алайда аудан әкімі А.Халелов аудан тізгінін қолға ұстаған сәттен бері ұлттық құндылықтарға деген оң көзқарасын танытқаны баршамызды қуантты.

Ендеше, басшылық қолдау көрсетіп отырғанда мүмкіндікті пайдаланып қалар намысты жігіттеріміз табылса қуаныш еселенер еді. Қанша дегенмен, ұлттық спортты жаңғырту арқылы кәсібін дамытып, елдің  патриоты екенін дәлелдер еді-ау.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА

Сурет ғаламтор желісінен алынды