29.11.2018, 10:29
Қараулар: 124
Елбасы дәм татқан шаңырақ

Елбасы дәм татқан шаңырақ

Тұғыры мықты мемлекеттің  мәртебесін  биік еткен ел көсемі хақында аз айтылып жүрген жоқ. Тұңғыш Президент күні қарсаңында  көреген басшының кісілік келбетін  айғақтайтын өзге де маңызды кездесулер еріксіз еске түсері кәдік. Сондай айтулы оқиғалардың бірі «Жармалай» қыстағында тірлік кешіп  жатқан Сапеновтар отбасында ұмытылмас әсер қалдырған.


Кеңірек тарқатсақ, жанұя ұйтқысы  отағасы Төлеген(марқұм) ақсақал мен  Алмаш апай 1958 жылы отау құрыпты. Жасынан тірліктің қатал сынағына  шыныққан Төлеген ағай өте еңбекқор жан тұғын. «Амангелді» қыстағында   трактор айдап, апталап үй бетін көрмейтін.  Шиеттей балаларын жетілдіруді  басты мұраты санады.  Балапандарының болашағы жарқын болуы үшін отағасы екеуі тәуекелмен «Амангелді» ауылына он екі шақырымдық жерде орналасқан «Жармалай» қыстағына көшіп келіп, шопан ата таяғын ұстады. Маңдай тері зая кетпей, алдыңғы қатарлы қойшы атанды. Бозторғай шырылынан оянып, күн ұясына батқанда ғана отар-отар қойды кері айдап қайтатын.Тынымсыз тірліктің арқасында ВДНК-нің  медалін де иеленіп, шет елдерге де  саяхаттау мүмкіндігі бұйырған екен.

Кеңес үкіметі ыдырағанда  еңбекқор жанұя  сол құт дарыған қыстақта қалып қояды. Өріске малы толған әулеттен 1990 жылы  ел Президенті  дәм татып, Сәпеновтердің тұңғышы Наурыздың(кештеу үйленген) алғашқы атұстарының дүниеге келу қуанышымен бөліседі. Төлеген ағай мен Алмаш апайдың төрінде өз рұқсатымен  «Нұрсұлтан»  деп ат қойған сәбиге  батасын береді. Кішкентай нәрестенің ғұмырлы болуын тілейді. Ауданда тұңғыш рет бұл есімге осылай жол ашылады. Кейін жақсылыққа жаны құштар халайық   өмірге келген періштелеріне(ұлдарына) «еліне қадірлі болсын» деген ниетпен бұл есімді  қоя бастаған.

Сол кезде отағасы марқұм қыстақтағы үйдің алдына екі қабатты басапананың іргетасын қалап қойған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өрісі малға толы азаматтың еңбекқорлығына риза болғаны соншалық «Мынандай шаруашылыққа ыңғайлы үйің бар. Тағы   баспана салайын деп жатырсың ба?-деп сұраған екен қызығушылықпен. Аттанар сәтінде Төлеген ағай ҚР Президентіне  қазақы дәстүрмен дойыр қамшыны сыйға тартыпты. Елбасы  бұл сыйлықты ықыласпен қабыл алған.

Бүгінде қарт шопан өмірден өтіп, Алмаш апай  қара шаңырақта кенже ұлы Сержанмен бірге шаруашылыққа бас көз боп отыр. Ұл-ұяға, қыз-қияға қонған. Кезінде Елбасынан бата алған Нұрсұлтан  бір шаңырақтың ұйтқысы. Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық-техникалық университеті «Автоматтандыру және басқару» факультетінің  2012 жылғы түлегі. Туған жерінде   өз саласы бойынша қызмет етуде. Жұбайы Анар ағылшын тілінің маманы. Киелі Қаратөбе өңірінің қызы. Бұл әулетте Жасмина атты сәби өсіп жатыр.

Елбасымен бірге  түскен  сарғайған фото-суреттер бұл жанұяға қатысты     қайта келмес кездің тарихи салмағын айқындап тұрғандай көрінді бізге.

Гүлнар ҚАДЫРОВА