6.12.2018, 18:32
Қараулар: 8
Арғымақ-әншілер Тасқала сахнасында…

Арғымақ-әншілер Тасқала сахнасында…

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты     мақалаларына орай,  Тасқала аудандық мәдени  демалыс орталығында  өнер-әлемінде өз іздерін салған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бердіғалиевтің шәкірттері (облыстық филармонияның әншілері) Күләш Қалдыбаева,  Ернар Өмірәлі және қалалық саз мектебінің оқытушысы Бейбіт Қажығалиевтер тасқалалық өнер сүйер қауыммен   кездесіп,  «Ұлы дала әуендері» атты әсерлі кеш сыйлады.


Облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда шашасына шаң жұқтырмай жүрген өнер майталмандарымен жүздесу сыр-сұхбат түрінде өрбіді. Өнер жолдары, жеңістің дәмін сезіндірген сәттен сырлы әңгіме тиегі ағытылып, арқаланған арғымақ-әншілер сахна төрінде қазақтың киелі домбырасымен төкпелетті.

Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем», ақын Дариға Мұштанованың сөзіне жазылған «Дала рухы», халық әні «Асылжан», «Нарыннан жазылған хат», өзге де  репертуарларында жиі айтылып жүрген әндер қалықтады.

Ақжайық өңірінің келіні  Күләш Қалдыбайқызының халық алдында аналар жолымен сәлем салуы да үлкенге-құрметтің белгісіндей жылы әсер қалдырды. Өнер жолындағы  қиын да қызықты сәттерімен  бөліскен өнерпаздарға «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Майра Нұрмақова ақ тілегін жаудырса, «Мерей» ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков те филармония әншілеріне ыстық ықыласпен ізгі тілегін жеткізді. Шара  соңында  көпшілік өнер майталмандарымен естелік суретке түсті.

Тұрсын ТЕК