6.12.2018, 19:04
Қараулар: 156
Рухы мықты елдің еңсесі де биік

Рухы мықты елдің еңсесі де биік

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласының жарық көргеніне де екі жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта аудан көлемінде ауқымды жұмыстар қолға алынып, бекітілген  іс шаралар жоспарлы түрде 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда.


Соның бірі «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған  2346 адамды қамтитын 22 шара бүгінгі күнде өз нәтижесін берді.  Соның ішінде аудан күніне орай алғаш рет рет ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» байқауы бар.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты да осындай бағдарлама аясында  – жанашыр жандар мен елге үлгі боларлық азаматтардың тәжірибесін кейінгі ұрпаққа  насихаттау.  Нарықтың қатал заңына қарамастан, өз кәсібін дөңгелентіп қана қоймай, туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген жомарт  азаматтарды дәріптеу арқылы жастарды елжандылыққа тәрбиелеу болатын.

Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, Тасқала  өңірінде көптің алғысына бөленіп жүрген мұндай  жандар жетерлік.

Бұл – атадан келе жатқан игі дәстүрдің бүгінгі жалғасы, қазақи қасиетіміздің айқын белгісі. Ағайынға болысу, әлсізді демеу, жасы кішіні қолдау – адамзатқа тән мейірімділік пен кеңдіктің көрінісі.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – дей келіп, нақты міндеттерді жүктеген болатын. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты принципке негізделіп, 4 кіші бағдарлама арқылы жүзеге асырылуда. Аз ғана уақыттың ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, туған өлкесін дамытуға белсене кіріскен жандардың қатары көбейгені көңіл қуантады. «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» жобасы негізінен меценаттарды, бизнес өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді, белсенді азаматтардың тәжірибесін тарату, олардың мәртебесін көтеріп марапаттауды мақсат етті. Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда кез келген әлеуметтік мәселеге билік немесе әкімді жауапты санайтындар жиі кездеседі. Шын мәнінде жайлы өмірді жасау – өз қолымызда. Сондықтан, «Жомарт жүрек-2018» байқауы бойынша  үздік деп танылған жерлестеріміздің еңбегі ауданның кез-келген тұрғынына үлгі болады. Олардың қатарында  «Жылдың үздік меценаты» атанған  — Әлібек Сытдыков, «Туған ауыл жанашыры» аталымын жеңіп алған Дәурен Нұрмағамбетов пен «Жылдың үздік қайырымды азаматы» Ақан Кушалиев, «Жылдың үздік азаматы Замир Сарсенбаев» бар.

Әр азамат осы жандар сияқты өз туған жері үшін қолдан келген көмегін беріп, оның гүлденуіне атсалысса, ағаш отырғызып, тазалық мәселесіне назар аударып табиғатымызды аялауға үлес қосса нұр үстіне нұр болар еді. Оны көрген өскелең ұрпақ та аға буын өкілдерінің жолын жалғастырарына сенім мол.

Иә, жомарттықтың негізгі өзегі – қайырымдылық. Жоқтықтың тауқыметін тартып, бардың байлығына мұқтаж жандар бар қоғамда. Мұндайда дана қазақ «кең адамның күніне бір үйі кеңиді, тар адамның күніне бір үйі кемиді» деп бірауыз сөзбен кең пейілді адамның кемімейтінін өнеге еткен. Жоғарыда есімдері аталған олар осының куәсі. Сондықтан, елдің рухын биіктетіп, еңсесін тіктеуге қолдарынан келген көмектерін беріп жатқан мұндай азаматтардың еңбегін өскелең ұрпаққа өнеге ету біздің міндетіміз.

 

 

Бұдан басқа аудан бойынша «Тәрбие және білім» бағыты аясындағы шаралар «Отаным – тағдырым», «Саналы Азамат», «Өлкетану» және «Кітап – білім бұлағы» бағыттары бойынша  4 идея төңірегінде топтастырылады. Сондай-ақ, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, қазақ тілінде жүз жаңа кітап шығару мәселелері де осы бағдарлама аясында іске асырылуда.

Аудан бойынша күні бүгінге дейін «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында 2622 тұрғынды қамтитын  34 іс-шара ұйымдастырылса,   «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша 29 іс-шара өткізіліп, оған 4725 тұрғын қатысты.

«Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты аясында 2017 жылы жалпы құны 5 млн 314,2 мың  теңге құрайтын  7 жоба іске асырылса, 2018 жылы жалпы құны 33,5 млн   теңгені  құрайтын 16 жоба жоспарланды. Күні бүгін оның 13-і жүзеге асырылып үлгерді.

Ал,  «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы бойынша  атқарылып жатқан барлық жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланып,  тұрғындарға уақтылы жеткізіліп келеді. Дәлірек айтсақ   облыстық телеарналарда 5 түсірілім жасалса, облыстық газеттерде -21, аудандық газетте-117, интернет ресурстарында –128, Әлеуметтік желіде – 105 мақала, ал, атқарылған  жұмыстар бойынша  интернет ресурстарына – 21,    БАҚта  – 31 пікір  жарық көрді.

Сонымен қатар, Елбасының жақында ғана жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы да өзіндік мазмұны мен мәні жағынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспетті. Мұнда  Елбасы әлемнің озық елдері мақтан тұтатын тарихи мұрасын мысалға келтіре отырып,  біздің  тарихымыздың да тереңде жатқандығын атап өтті.

Ия, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тек мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Болашақта аудан көлемінде ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін тағлымды шаралар мен патриоттық форумдар, өлкетану экспедициялары мен ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын іс шаралар жоспары жасақталып жалғасатын болады. Сондықтан аталмыш бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстар өз нәтижесін беретініне сенім мол.

                                                                                           Г.Бирниязова,

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының әкімгері