14.12.2018, 10:26
Қараулар: 149
Жаңа тұрғын үйлер қолдануға берілді

Жаңа тұрғын үйлер қолдануға берілді

Тасқала ауданының арқа бетінде халықтың қалың жігін үймен қамтамасыз ету мақсатында    «Нұрлы жер» бағдарламасы  аясында бой көтерген   72,8 шаршы метрлі 7 үйдің кілті  көп балалы ана, мүгедек,  дәрігер  және өзге де баспанаға мұқтаж жандарға  салтанатты түрде табыс етілді.


Бұл рәсімге облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов арнайы қатысып, баспанаға ие болғандарды жаңа қоныстарымен құттықтады. Сондай-ақ,  аудан  әкімі Алдияр Халелов,  «КДС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры(мердігер) Бағия Жүнісовалар «Ақ түйенің қарыны жарылды»,-деп көңілдері өскен ауылдастарына   ізгі тілектерін жеткізді. Ауан әкімі А.Халелов  жеті тұрғынға жаңа үйдің кілтін табыс етіп, облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балықовтарға  есікке керілген лентаны  қию құрметі  бұйырды.  Олжаға кенеліп отырғандар атынан  аудандық аурухананың дәрігері Нұрсая Атабаева  өз лебізін білдірді.

Күн райының қолайсыздығына қарамай, қуанышқа ортақтаса келген жамағат жағымды жаңалыққа бір серпіліп қалды. Қазаққы дәстүрмен ақ кимешек киген аналар шашу шашып, сүйкімді ару қыздар бауырсақ пен ақ ұсынды. Одан әрі облыстан келген өкілдер аудандық «Халықты мұмыспен қамту» орталығының жаңа заманға сай жабдықталған, яғни, трансформациялаудан өткен мекемесінің жұмыс барысымен танысты. Бұл мекеменің басшысы Батима Кентоғаеваның айтуынша, мұнда элетрондық кезек, өз-өзіне қызмет көрсету, жұмыс берушілермен  жұмыс іздеушілер аймақтары жабдықталған.

Гүлнар ТАСБОЛАТҚЫЗЫ