1.03.2019, 18:52
Қараулар: 434
Аудан орталығында жаңа нысан ашылды

Аудан орталығында жаңа нысан ашылды

«Нарушева» жеке кәсіпкерлігі «Хорошее заведение» кафесін ашты. Аталмыш нысан спорт бары, кафе және банкет залы секілді үш бөліктен тұрады.


Ашылу салтанаты алғыс айту күнімен тұспа-тұс келгендіктен кәсіпкер мектеп жасындағы оқушыларға шағын мереке ұйымдастыруды жөн санаған. Бұл ретте, арнайы қойылым қойдырып, мерекелік дастархан жайдырған.

Құттық сөз сөйлеген Тасқала ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы С.Галиева кәсіпкерге ризашылығын білдіріп, толағай табыс тіледі.

  • Бұл – талмай істелген еңбектің жемісі. Жеке кәсіпкер Жанаргүл Зейноллақызына баршаңыздың алдында зор алғысымды білдіремін. Бүгінгі алғыс айту күніне орай қызмет көрсету орнының ең алғашқы қонағы етіп кішкентай бүлдіршіндерді шақыруы баршамызды қатты қуантты. Табысыңыз еселене берсін,- деді.

Салтанатты түрде лента қиылып, нысанның табалдырығын аттаған қонақтарға дастарханнан дәм татқызылды. Сондай-ақ мектеп оқушыларына арнайы ойын ойнатылып, сыйлықтар табыс етілді.

  • Баланың тілегі ақ, ниеті таза. Сенің жасаған жақсылығына шын көңілден риза болуды біледі. Сондықтан пәк сәби тілектерімен нысанның есігінен алғаш болып өздерін қабыл алғым келді. Жалпы кафедегі тағам мәзірінде балаларға арналған бөлек тізім бар. Біз кімді де болса қуана қарсы алып, жоғары деңгейде қызмет көрсетуге тырысамыз,- дейді кәсіпкер Ж.Нарушева.

Ешқандай мемлекеттік бағдарламаға қатыспай-ақ өз табысының арқасында кәсібін дамытуды көздеген Жанаргүл Зейноллақызының алға қойған жоспары жетерлік. Ал әзірге жаңадан ашылған нысанның ішкі-сыртқы жұмыстарын толық аяқтауды көздейді.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА