6.03.2019, 10:50
Қараулар: 163
Халыққа қатысты мәселелер талқыланды

Халыққа қатысты мәселелер талқыланды

Аудан активінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХYІІІ съезінде берілген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі шаралар талқыланды. Аталмыш жиын аудан әкімі А.Халеловтың төрағалығымен өтті.


            Аудандық орталықтандырылған ауруханасын аралап, ондағы жұмыспен танысқан ҚР Парламент Сенатының депутаттары Н.Төреғалиев пен Е.Мұқаев жиынға арнайы қатысты.

Алдымен сөз алған Нариман Төреғалиұлы күні кеше өткен съездің маңызына тоқталып, онда көтерілген негізгі мәселелерге шолу жасады.

  • Елбасы жолға қойып отырған негізгі мәселе – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Осы орайда Үкіметке жаңадан талаптар қойылып, жаңа міндеттер жүктелді. Соның ішінде биылғы жылы республика бюджетінің 45 пайызы әлеуметтік саланы қолдауға жұмсалады деп жоспарлануда. Көп балалы аналарға кешенді қолдау көрсету мәселесі көтерілгені баршаңызға аян. Бұл ретте, көпбалалы отбасыларға 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынатыны, әр балаға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалатыны, баспаналы болу мақсатында «тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілдетілген жылдық 2-3 пайызбен несие алуға мүмкіндік берілетіні баса айтылды. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған ата-аналардың жәрдемақысы 30 пайызға өседі. Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 млрд.теңге бөлінеді,- деді.

Өзге де мәселелерді тілге тиек еткен Н.Төреғалиев 2019-2021 жылдары ауылды дамытуға 90 млрд.теңге қаржы бөлінетінін жеткізді. Осы бағытта «Ауыл – ел бесігі» жобасын әзірлеу үшін арнайы ұсыныстар дайындалуын тапсырды.

Жиын соңында сөз алған аудан басшысы А.Халелов аталмыш съездге байланысты туындап жатқан пікірлерді бір арнаға тоғыстыру мақсатында жұмыстану қажеттелігін айтты.

  • Қазір көпшілік әлеуметтік желі арқылы барлық жайттан хабардар болып отыр. Бұл әрине жақсы,дей тұрғанмен қоғамдық қате пікірлердің тууына да әсер етіп отыр. Сондықтан елде қолға алынып жатқан шараларға дұрыс пікір қалыптастыру мақсатында жұмыстану керек,- деді.

Әсемгүл СЕРІКҚАЛИ