6.03.2019, 11:19
Қараулар: 168
Әскери әйелдер: бола берсін көп мейлі!

Әскери әйелдер: бола берсін көп мейлі!


 Ф.Достоевский «Сұлулық әлемді құтқарады» десе, халқымыз « Еркек – бас, әйел – мойын» деген. Әдемілік пен нәзіктіктің символы да – әйелдер қауымы. Ақылы мен көрегендігі қатар көрінетін қасиетті әйелдер туралы жазылған дастан қанша болса, әлі жазылатыны одан да көп. Бұған себеп, әйел жанының тым тереңдігі мен сиқырлығы болса керек.

                Халық эпосындағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, одан бергі Домалақ ана мен Айша бибі, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай, ел билеген Айғаным, Ұлпан ана – ел басына күн туғанда ер азаматтардың жігерін жанып, жүрегіне от берген қазақтың қаһарман қыздары.

Ал бүгінгі бейбіт заманда еліміздің Қарулы Күштеріндегі әскерилердің 10 пайызын қыз-келіншектер құрайды екен.


Тасқала ауданы көршілес Ресей елімен шекаралас екені көпшілікке мәлім. Өзге елмен тым жақын орналасқаны ауданның бір өзгешелігі екені рас. Сол себепті де бұл аймақтың тұрғындары туғанынан әскери формадағы адамдарды жиі кездестіреді. Дей тұрғанмен, әскери киінген ер адамдарға көзі мен бойы қанша үйренсе де алғаш рет сол саладағы әйелдер қауымын көргенде таңқалғандары жасырын емес. Әйтседе бүгінгі күн әскери әйелдерге көз үйреніп қана қоймай, олардың кәсіби шеберліктеріне деген сенімдері де арта түскен.

Елдің жүгін арқалап, адал қызмет атқаруды таңдаған Жаннаның әскери салада жүргеніне 12 жыл. Осы уақыт ішінде  ол әскери өмірдің қатал да жауапты тәртібіне бойы үйреніп қалған. Жалпы, өмірде әр нәрсеге өз еңбегімен жетіп үйренген арудың аталмыш салаға кездейсоқ келмегінін көруге болады.

  • Қарапайым ғана отбасында дүниеге келдім. Мектепті жақсы деген бағамен бітірсем де, арманымды жүзеге асырып, әрі қарай оқуға мүмкіндігім болмады. Алдымен шет тілі пәні мұғалімі мамандығын игеріп, оқуымды аяқтадым. Тек сол салада қызмет атқару бұйырмады. Бұл салаға кездейсоқ келген жоқпын. Әскери қызметке тұруға ерекше қызығатын едім. Менің бұл салада жұмыс жасауымда үлкен еңбек пен талпыныс бар,- дейді кейіпкеріміз.

Әскери бөлім 2029 «Тасқала» шекара-бақылау бөлімшесінің аға сержанты Жанна Муфтиева қызметіндегі жетістіктері үшін өмірлік серігі Дамир Молдағалиұлына ризашылығын білдіреді.

  • Жолдасымның әскери саладағы еңбек өтілі 21 жыл. Осы уақыт аралығында әскери қызметтің барлық қыр-сырын меңгеріп, ыстығына күйіп, суығына тоңғаны бар. Сонда да маған «әйел үйдің адамы, ол ұл-қыздың тәрбиесімен айналысу керек» дегенді айтқан емес. Менің қызметіме үлкен жауапкерлішікпен қарап, барынша қолдауын көрсетіп келеді. Өмір жолымда қанша қиындық көріп, тағдыр соққысына тап келсем де, осындай адал әрі кең пейілді азаматқа кездесуім – менің ең үлкен бақытым,- деп ағынан жарылды.

Бүгінде ұл мен қызын тәрбиелеп отырған Жанна Геннадиқызы әскери саланың нәзікжандылар үшін қаншалықты қиын болса, сонша маңызды екенін айтады. Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, қыздардың әскери қызметке тұруы ерлерге тән үлкен жауапкершілікті мойынға алумен қатар, отбасындағы міндетін естен шығармауды талап етеді екен.

  • Әр үйдің шамшырағы – әйел. Солар бақытты болса, жанұя жылуы да, махаббаты да берік болады. Әскери қызмет, жауапкершіліктен бөлек, қаталдықты талап ететіні бар. Бірақ бұл – сол саладағы әр нәзікжанды қатыгез мінезді болып кетеді деген сөз емес. Қызмет барысында қандай ұқыпты, жауапты, шапшаң болсақ, үйге келгенде адал жар, аяулы анаға әп-сәтте айналамыз. Себебі шаңырағымыздың жылуын, татулығын сақтап қалу міндеті бар. Кез-келген қызмет пен абыройдан отбасы бақыты маңызды. Бір қуантарлығы – біздің салада сондай ақылды әрі батыл арулар көп,- дейді.

Әскери қызметтің қызығы мен шыжығын қатар көрген Жанна Генадиқызы ұлының да сол саланы таңдағанына әсте таңқалмаған. Әрине, көзін ашқан сәттен бастап әскери киімдегі әке мен шешені көріп өскен баланың басқа салаға мойын бұрмағаны тосыннан емес. Бүгінде Алматы қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жас Ұлан» әскери-мектебін тәмамадауға келген ұлдарына артар сенімдері зор.

  • Ұлымыз Жанкелді сол саланы таңдап, өз күшімен оқуға түсті. Оның жетер жетістігі көп екеніне сенеміз. Біз бағындыра алмаған белеске ұлымыз оп-оңай шығады, әлі. Тек дені сау болсын. Ал қызымыз мектеп қабырғасында. Қай саланы таңдаса да өз еркі. Біз балалардың арман-мақсатына қарсы тұрмаймыз,-дейді кейіпкеріміз.

P/S: Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұрысқа қатысқан әйелдер саны әдеттегіден көбейе түскен екен. Соның арасында қазақтың Әлия мен Мәншүгі, Хиуаздай қыздары болған. Бүгінде қорғаныс саласында қызмет еткісі келетіндердің қарасы көп. Мұқағалише айтсақ, «…Бола берсін көп, мейлі!».

Әсемгүл БЕКЕШЕВА