6.03.2019, 11:46
Қараулар: 466
Театр жасаңдылықты кешпейді

Театр жасаңдылықты кешпейді

Өнер-адам бойындағы бұла күш. Іңкәр махаббатпен қалап алған тағдыры. Өмірін өнерсіз көзге елестете алмайтын Жанардың жандүниесіндегі қайсар рух театрмен үндес.Әр әртіс сомдаған рөлдің жанды шығуы-өжет қыздың қатал талаптарынан шығар…Ноқтаға басы сыймайтын өнерпаздардың сағын сындырмай, еркелете жүріп, өз ыңғайына көндіру үшін де мінез керек. Иә, оның бойындағы асаулық қасиетті туған жер топырағынан дарыған.


Бөкей ордасы ауданында өмірге келген Жанардың бала армандары көп тұғын. Соның бірі-ұстаз болу. Әсіресе, қазақ тілі пәнін жақсы оқығанынан да болар, тіл маманы болуды қалайтын. Қазақы пейілі кең, ақ жарқын адамдарды топтастырған Бөрлі ауылында балалық шақтың ең алтын кездері өтіп еді-ау…«Адам санасы жақсылыққа қарай бұрылса,ертеңі де солай  болады»,- дейді ғой.Отбасындағы бес баланың тұңғышын әкесі ерекше еркелетті. Төрде жанынан орын ұсынып: «Жәкең отырсын»,-дейтін. Бастары қосылған кешқұрым сәтте балаларына ән салдыратын ата-ана да өнерден құр алақан емес-ті.Үш-төрт оқитын уақыты болар -ау. Жазғы демалыс қызықты өтетін. Ауыл адамдары қойларын кезекпен бағады ғой.Бұлардың қой шереті кезінде тетелес сіңілісі екеуі даладағы сайға қойларды үйіріп қойып: «Сендерді өмір-бақи бағады,-деп ойламаңдар!.-деп мақұлықтарға ұрсып, өзінше жиналыс жасайтын. Момын жануарлар кішкентай қыздың сөздерін түсінгендей, бетіне бақырайып,  шөп жусап тұра беретін. Өз өмірінің сюжетін жасап қойған өжет қыздың ішкі бұлқынысы еді бұл.

Жазғы демалыста үлкендер «күн тиеді»,-деп далаға шығармайтын.Сонда олардың көзін ала бере ісмер анасының маталарын үстіне оранып, ерініне шоколадты бояп, шыршаға тағатын ойыншықтарды сындырып, жылтырақтарын қабағының үстіне жағып, ұрланып шығып кететін. Сөйтіп, үйлерінен «қашып шыққан» көрші қыздарды қасына алып,  тағы да сол қойлардың алдында концерт қоятын. Бұл ән салып, қыздар қасықты барабан етіп ұратын. Оның музыкаға деген махаббаты осылай көрермен қойларға концерт қоюдан басталған. Біресе қырандай қалықтап, енді бірде ат дүбірін көзге елестететін күй құдіреті кішкентай қыздың армандарын белгісіз болашаққа ала қашатындай. Иә,домбыраның қос шегінен төгілген күй сезімтал қыздың қауырсын қанатын қиял әлемімен байланыстыратын-ды. Кезінде жүк мәшинасын жүргізген әкесі көңіл-күйі көтеріңкі кезінде домбыра мен сырнайда ойнап, балапандарының ән салғанынан ләззат алушы еді. Ол кезде бір үйдің бес баласы «Священная война», «Бейбітшілік» сынды әндерді айтатын. Кешкісін өнерпаз бүлдіршіндер сыртқа шағып, өнерлерін көрсетуші еді. Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек сынды күйші бабалар мен қайсар рухты Махамбет ақын мекен еткен қасиетті өңірдің өз құпиясы өзіне жетерлік.Көршілері өнерлі балғындардың әндерін тыңдау үшін, кешкі астарын ауладағы сәкіде ішетін.. Бала кезінен әдебиетті жақсы көрген ол осы пәннен жиі олимпиадаларға барып жүрген екен. 6-сыныпты Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы мектеп -интернатта оқыған.1992 жылы облыстағы Өнер институтының режиссура факультетіне түсіп, аталмыш білім ордасын 1997 жылы тәмамдайды. Соңғы курста жүріп, өз ауылының жігітімен бас қосады.  Жат босағаға келін боп түскенде екінші анасы бақилық болып кеткен екен. Марқұм Мархаба апай мұғалім болып, абыройлы қызмет атқарған, әрі өте әдемі жан болған деседі.Артына асыл жары мен сүліктей төрт ұлды қалдырып, өмірден тым ерте кеткен. Кезінде танымал компазитор Базарбай Жұбаниязов сол асыл анаға арнап «Көп қарадым суретіңе…» атты (екі ән) ән жазған. Мархаба ананың рухын сыйлайтын Жанар келіндік міндетінен жаңылған емес. Еңбек жолын бастаған Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында өз ізі қалды. Аузы дуалы айтыскер ақын Мұрадым Мирланов өнердегі қарымын қырағылықпен байқап, сауырына қамшы салдырмас жүйрік екенін алғаш таныған.Кейін дәм бұйырып, Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында қызметке кіріскенде әп дегеннен өз қолтаңбасын, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Б.Мұқайдың «Заманақырын» аудан сахнасында сәтті алып шықты. Күрделі қойылым жергілікті көрермен көңілінен шықты.Аудандық халық театры репертуарындағы Ә.Оразбековтың «Бір түп алма» драмасы көрерменін терең ойға түсірсе, М.Серікбаевтың «Тастандылар», «Дәрігер» интермедиясы, « Гитара пернелері», «Ала аяқ» этюдтері еріксіз езуге күлкі үйірді. Бүгінде аталмыш мекеменің директоры болып абыройлы қызмет атқаруда. Әрі аудандық мәслихаттың депуттаты.

Өнердің киесі дарыған (Бөкей ордасы )ауданнан біраз мамандарды тартып, орысқол ортаның тамырына қазақы қан  жүгіртті. Нағыз буырқанған шабытпен кіріскен ол театр  жұмысын жандандырды. Кезекті қойылым кезінде режиссердің талай мәрте қиындықпен бетпе-бет келгені бар. Намысшыл, қайсар қыз жылап жүріп, талай кедергіні жеңді. Әйтседе, тынымсыз еңбегі өз нәтижесін беріп, ол күндер артта қалды.

-Өнер саласында  басшыны өзгерте берсе, жұмыс алға жүрмейді. Жалпы, мәдениет қызметкерлерін ешқашан түсініп болмайсың»,-дейді кейіпкеріміз. Аудандағы халық театрының ірге тасын қалап, оны алға сүйреген басшының еңбегі орасан. Қанатымен су сепкен қарлығаштай театр деп шырылдап жүрген жас маманға кезінде аудан әкімі марқұм Өтеміс Мырзағалиевтің өзі үлкен демеушілік көрсеткен еді. Жеңісті сәттері де аз емес. Соның бірі-(2006 жылы )Халық театры атағын алғандағы қуанғаны әдемі естелік болып, көңіл түкпірінде орнығып қалды.Маңдай тердің өтеуі еді бұл.Ондай кезде өнер адамдары өз-өздеріне сыймай кетеді ғой. Ж.Бисенғалиева да кемерінен тасып, ерекше шаттанған болатын. «Өнерге адалдық болғанда ғана сахнада шынайылық орын алады»,- дейді ол риясыз пейілмен.Оның әр күні өзі жақсы көретін әріптестер ортасында.Бұл сахнаға деген шексіз сүйіспеншілік.Өлмес рух пен үндескен өміршең өмір.

Гүлнар ҚАДЫРОВА