6.03.2019, 11:53
Қараулар: 153
Ұлттық дүниенің жанашыры

Ұлттық дүниенің жанашыры

Жасы 73-ті еңсерген Мәрзия әженің қолынан инесі мен жібі түскен емес. Ауыл аймаққа «Тігінші әже» атанған кейіпкеріміздің өнері мен өмірі көпке өнеге.


Өзбекстаннан көшіп келген жерлесіміз қолөнер десе ішкен асын жерге қоятын жан.. Әрине, сонау бір  жоқшылық төнген ауыр кезеңді еңсеруге бірден-бір септігін тигізген кәсібінің қасиетіне қалайша бас имесін?

  • Бала кезімнен қолөнерге қызығып, соны үйренуге ден қойып келдім. Халық арасында 15-16 жасымнан «тігінші қыз» атандым.. Кезінде оқып, білім алуға жағдай бола қоймады. Сондықтан ба, әйтеуір тігіншілік десе елеңдеп тұрамын. Өнердің осы түріне деген құштарлығымды арттырған әкем болды. Ол кісінің «Балам, білімім жоқ,- деп қамықпа. Сенің алдыңа әлі талай оқыған жандар келетін болады» деген сөзі әлі құлағымда. Шынымен-ақ, бүгінде белгілі тұлғалардың өздері іздеп келіп, тапсырыс беріп жатады. Ол менің ісмерлігіме деген халқымның құрметі мен сенімі деп білемін,- дейді тігінші..

Бүлдіршіндерге деп тіккен киімдері көптің көңілінен шыққан соң, ересек адамдарға арналған дүниелерді тігуді қолға алған. Бір өзгешелігі, Мәрзия кейуананың қолынан шыққан киім-кешек пен төсек орындар ұлттық нақышқа бай.. Бұл оның ұлттық ою-өрнекке деген сүйіспеншілігінен туса керек.

  • Алдымен оюды қағаз бетіне сызып аламын. Сосын матаға түсіремін. Жас күнімде ою сызу әсте қиын болмайтын. Дегенмен, бүгінде ұлым Санжардың көмегіне жүгінемін. Санжар ұлымның өнеріме деген қолдауы ерекше,- дейді.

Тігіншіліктен бөлек, киіз басып, тоқумен айналысатын Мәрзия әженің ұлттық нақыштағы киімдерді тігуге көзқарасы бөлек. Бұған кейіпкеріміздің әңгіме ортасында «Өнердің кілтін тапсаң, құпиясы өздігінен ашыла береді» дегені дәлел. Сонымен қатар, тігіншілік кәсіптің қыз балаға беретін пайдасы жайлы да әңгімесі мазмұнды.

  • Қолөнермен айналысу қыз балаға әсте жарасады. Қазақ қыздарының қолынан іс тігу келеді. Бұрындары ата-бабамыз киім-кешек сатып алу дегенді білмеген. Соның барлығы қазақ әйелдерінің он саусағынан өнері тамған ісмерлігінің арқасы. Жалпы, қолөнермен айналысу қыз баланың тәрбиесіне  де көп көмегін тигізеді. Себебі, бір орында тапжылмай  іс тігу шыдамдылық пен ұқыптылықты талап етеді. Содан қыз баланың биязы да ибалы, тұрақты мінезі қалыптасады,- деді.

Бес саусағынан өнері тамған шебер ананың осы уақытқа дейін «шаршадым» деген сөзді ауызға алмауының өзі  бүгінгі ұрпаққа үлгі..  Ұлттық нақыштағы дүниелерді туғызып қана қоймай, ол туралы әдемі әңгімелеп беруге жалықпайтын кейіпкерімізге ұзақ ғұмыр тілейміз.

Ш.ӘДИЕТОВА, Ж.ТАҢҒАТАРОВА

«Шабыт» жас тілшілер клубының мүшелері