6.03.2019, 12:13
Қараулар: 467
Айкерімнің торттары тіл үйіреді

Айкерімнің торттары тіл үйіреді

Мерейлік Айкерім Ниязғалиева  еңбекпен тапқан нан тәтті екенін жақсы түсінеді. Себебі  өзі де кезінде жұмыссыздар қатарында болған. Әр түрлі тағамдар пісіруге ептілігі арқасында  үйдегі дастархан басын толтырып қоятын.


Кейін Орал қаласынан арнайы курс оқып, аспаздық мамандықты игереді. Қазір нарық заманы кәсіптің, бизнестің дамып тұрған шағы екенін түсінген ол,  кәсіп ашсам деген ниетпен «Бастау-Бизнес» жобасымен білімін шыңдайды. Тәжірбиелі мамандар жүргізген бір айлық курста білмегенін сұрап, қаражаттың жұмсалуы, өнімнің аймақтарға таралуы жөнінде  құнды дәрістер алады. Бұл Айкерім өміріндегі үлкен бетбұрыс еді.

«Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында жаңа  идеяларды жүзеге асыру мақсатында грант алуға  үміткер ретінде тіркеліп, жобасын сәтті қорғайды. Қолына 240 500 теңге грант қаражатын алып, кондитерлік тағамдар жасайтын құрылғы сатып алады. Бүгінде кондитерлік шағын цех ашқан ол мерейліктерге қызмет етуде. Өзінің ұнамды ісін қолға алған кәсіпкер  тапсырыс берушінің өтініштеріне қарай торттардың алуан түрін дайындайды. Көрерге көз тоймайтын тәттілер сөрелерде самсап тұр. Өз өмірін еңбегімен мәнді ете білген Айкерім Ниязғалиева отбасында бақытты. Екі сәбидің анасы. Ол ертеңінің жарқын боларына, әрдайым армандардың орындалатына сенеді.

Болатбек Сапарғалиев