13.03.2019, 15:06
Қараулар: 8
Бүгінгі ұрпақ бесік жырын білмейді

Бүгінгі ұрпақ бесік жырын білмейді

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» дейді дана халық. Жалпы қазағымыздың жаңа туған нәрестенің келешекте үлкен азамат болуына барынша жағдай жасап, дұрыс тәрбие беруге барын салғаны белгілі. Себебі, тәрбиенің негізі отбасында қаланатынын жақсы білген. Ал сол тәрбиені ер баланы алты жасында атқа отырғызып, қыз балаға кесте тіккізуден бөлек, бесікте жатқан сәбидің алғашқы күндерінен бастап құлағына сіңіре бастаған.

               Газетіміздің өткен сандарында «Нәрестенің бесігі – кең дүниенің есігі» тақырыбымен жариялаған мақаламызда баланы бесікке бөлеудің маңызы мен жөн-жоралғылары туралы айтсақ, бүгін бесікте жатқан балаға арналып айтылатын бесік жыры туралы сөз қозғамақпыз.


 Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие

            Жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевичтің естеліктерінің бірінде «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жасар балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі» деп таңдана жазғаны естеріңізде болар.

Жалпы бесікке жатқан баланың ерекшелігі – бесігін аңсап тұратындығында болса керек. Жылы төсегіне жатып, анасының әсем әуенін естіп үйренген баланың бесіктен басқа төсекке бөленбейтін әдеті болады. Бабымен ғана тербеліп, әсем әуенді тыңдап ұйықтаған нәрестенің денсаулығы да жақсы болған.

Тұрақты нұсқасы жоқ бесік жырының әуеніне сай бесік те жаймен ғана тербетіледі. Жырда айтылған әр сөз бала санасына анасының дауысымен сіңіп отырған. Атақты Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деуінің сырын осыдан-ақ көрмейміз бе?

Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем,
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?!
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?!

Бұл — бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып сіңеді.

Бесік жырының түрлері біршама. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен.

Бүгінде үлкен сахналарда бесік жыры естіліп қалады. Мысалы: Тәй-тәй басып, бөпешім, жүргенің қандай?
Көзқуаныш, көкешім, күлгенің балдай.
Аспандағы ай-күнді аламын дейсің,
Асқар таудай айбынды боламын дейсің.
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Сендей сәби жоқ, көкем.
Анам-әкем дейсің бе?
Тілің тәтті екен… деп келетін ақын Қ.Сариннің «Бесік жырын» М.Бесбаевтың орындауында естиміз.

 

Бесік жырының маңызы

Қазіргі таңда ұрпақтың шешендігінен, әншілік пен ақындығынан, сабыры мен парасаттылығынан ажырап бара жатқаны алаңдататыны рас. Бұл ретте, балаға бесік жырын айтудың қаншалықты маңызды екенін ескерген жөн.

Жалпы бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетіліп, тіл байлығы мол болатынын ескере бермейміз. Ал ел ішіндегі мына бір аңызға назар аударсақ: Ертеректе бір келіншек баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай демалмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. Сол кезде  бала жолаушыға «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен.

Осыдан-ақ қазақ баласының тілінің жаттықтығын, ерте шығатынын байқауға болады. Ал бүгінде, от ауызды, орақ тілді қазақ ұрпағының мақалдап сөйлеу түгілі, өз ойын ашып жеткізе алмасына үйренгенбіз. Ал осының себебі неде? Ия, бұл жерде бір ғана себеп, қазіргі келіндердің ұлттық болмыс пен қазақы мінезден алшақтап кетуі.

 

P/S: Баламыз ұлттық құндылықтың қадіріне жетсін десек, әр ана қазақы болмысқа қайта оралуы қажет-ақ. Құшағындағы сәбиін бесік жырымен әлдилеген анадан, тал бесікті таянған келіннен асқан сұлу болмасы белгілі. Сіздің пікіріңіз қандай, құрметті оқырман?

Әсемгүл БЕКЕШЕВА