13.03.2019, 15:22
Қараулар: 467
Әскерге баруға құлықтысың ба, жас өрен?

Әскерге баруға құлықтысың ба, жас өрен?

Бала кезде Отан ұғымы оттай ыстық деген негізге саятын. Әр үйдің тентектеріне ағаларының әскерден келгені үлкен мақтаныш болушы еді ғой… Олар соларға    еліктеп, тезірек ержетіп,үлкееен азамат болуды ғана қалайтын.


Бұл шынында да  өнеге тұғын.Үйдің үлкендері де «Ағаң әскерден келді!..» деген сөзге екпін салып айтуды әдет ететін. Әулеттің ақсақалдары да «Ұлым армиядан оралды!», -деп тума-тыс, ауылдас, құрбыларын жинап, кішігірім той жасамаушы ма еді?! Үстеріндегі өздеріне құйып қойғандай жарасатын  әскери форманы шешпестен алдымен   ауылдың сыйлас адамдары, тума-туыс, жекжаттардың үйіне бас сұғып, әрқайсысымен амандасу да бір ғанибет еді -ау.Кеуделерінде күй ойнап, мойындарына гитара асынған қыз-жігіттер кешқұрым үй жанына жиналып, ән салушы еді.  «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп амандасады» дегендей, бұл тек отбасы үшін емес, барша ауылдастарға да   қуаныш, кішігірім мерекедей көрінетін.Себебі белгілі. «Балам адам болды!» ,«Отан қорғап қайтты!» деген сөз құдды «немісті қырып келді!!!» дегендей леппен  естіліп, марқайған ауылдың қариялары қауға сақалдары желпілдеп, малдас құрып, әңгіме тиегі ағытылатын.  Аналары болса, ақ жаулықтары желбіреп, күн ұзақ сырттағы қазаны ошақтан түспей аз-су қамымен жүретін.   Ал әскер қатарында болмағандардың сырттарынан  ауру немесе салмағы жетпейді деген сөздер айтылып, намыстарына тиетін. Олар да өздерін ыңғайсыз  сезінетіндей көрінуші еді. Кеңес Үкіметінің кезінде… 1988 жыл болуы керек. Отбасында бес қыздың арасындағы жалғыз ұл әскер қатарына аттанып  бара жатқанда анасы үлкендердің айтуымен ұлына нан мен тұз ұсынғанын көзіміз көрді.Әрі нанды тұзға малып, бір тістеткені есімде қалыпты. Бұл қандай ырым деп таң-тамаша болып едім сонда. Сол сақайып қатқан нан мен тұз ауылдас аға 1990 жылы Украйнаның Львов қаласында  әскери борышын өтеп келгенше тұрды. Кейін білсем, бұл ырымда  «дәм бұйырып, туған үйіне қайта оралсын»,- деген ақ ниет жатыр  екен ғой. Ал бүгінгінің тепсе темір үзетін жігіттері әскерге барудан жалтаруға әбден бой үйретіп алған. Әрі Отан үшін ұғымы мүлдем ауызға алынбайды.

Иә, сонау бір алыстап кеткен  алып империяның қай тұсында болмасын азаматтар  Отан алдындағы борыштарын өтеуге ықыластанып тұрған.Дегенмен нарықтық қоғам мұндай ұстанымды күйретті. Сондықтан әскерге баруға құлық танытпайтындар   қатары көбейді. Шындығында бүгінгі заман жастарының бойында патриоттық сезім жоғары деп айту қиын. Мектеп қабырғасынан  нағыз өз елінің намысты ұлы етіп тәрбиелеу жеткіліксіз сияқты көрінеді. Осы қастерлі ұғымды  бала жастан қанға сіңірсе дұрыс болар еді деп ойлайсың. Елім, жерім деп өскен ұланның ертең өз Отанының туын төмен түсірмесі ақиқат. Себебі, ер, азамат, еркек деген ұғымдар намыс деген сөздермен біте қайнасып, рухты көтерері сөзсіз.

Денсаулықтары нашар бозбалалардың әскери міндетін өтемеуі орынды болғанымен, саулығында еш кінарат жоқ жастардың да бұл борышты өтеуге ана бір жалындап тұрмайтыны көпті ойландырып жүр.Оған ата-аналары да қарсылық білдіруде. Себебіне үңіліп көрейікші. Сонау бір жылдары Отан қорғауға аттанған әр үйдің еркелері мен жалғыздарының елді күңірентіп, темір табытпен оралғандары аз ба еді?! Және бұл сұмдық жағдайлардың тым жиілегені балаларын әскерге жіберуден қорқатын жағдайға жеткізді.Әскерде жүріп, жұмбақ жағдаймен о дүниеге аттанған ұлдар қасіреті ата-ана жүрегін тілім –тілім еткені ащы шындық.  Сондықтан ұлдар да отбасындағы осы тәмсімге бағынып,  ел алдындағы борышын  өтеуге құлшынбайтындай көрінеді.Дегенмен, Тәуелсіз Қазақстанның сарбаздары намыс туын жоғары көтеруі тиіс қой деген ой келеді.

18 бен 27 жас аралығындағы ер-азаматтар наурыз-маусым айы аралығында ҚР Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, ҚР-ның Ұлттық қауіпсіздік  комитеттіне, ҚР-ның Мемлекеттік күзет қызметі  сынды мерзімді  әскери қызметке алынуға үнделетін болады.

Медициналық сараптама нәтижесі жастардың денсаулықтары ана бір керемет емес екенін байқатады. Олардың арасында майтабан, салмақ жетіспеушілік,қан қысымының жоғарылығы, бүйрек, жүрек ауруларының көп кездесуі алаңдатады. Аудандық әскерге шақыртушыларды сараптау комиссиясының мүшесі, дәрігер Нұрия Дүйсекешеваның айтуынша, медициналық тексеріс кезінде жастардың арасында бала кезден психикалық ауытқуы бар, туберкуллезбен ауыратын, сана сезімі төмен, бала жастан мүмкіндігі шектеулілер бұл міндеттен босатылады. Сонымен бірге  мінез-құлқында өмірден түңілушілік  сарыны  басым болып өздеріне суицид жасағандар жағдайы ескерілетінін айтады.

Ауданда  күні бүгін 469 әскерге шақырылушы тізімге енген. Соның ішінде 17 жасқа толған  87  әскер биыл тіркеуден өткендер сапында. Аудандық қорғаныс бөлімінің жасақтау қызметінің басшысы Нұрлыгүл Молдашеваның мәліметіне үңілсек, әскерге шақырылуды күтіп отырған 469 жастың 186-ы білімдерін жалғастыру мақсатында, 47-і отбасы жағдайларына орай,  енді 16-ы денсаулықтарының мәз еместігін алға тартса, өзге де  себептермен  кейінге шегерілгендер қатары 33. Сондай-ақ, аудандағы 100-ге жуық  ұлдардың биылғы жоспар бойынша  31-і әскер қатарында болады  деп күтілуде. Биылғы көрсеткіште    екеуі ғана өз еріктерімен Отан алдындағы борыштарын өтеуге құлық танытқан. Бұл көрсеткіштің арасында көңілге кірбің түсірер фактілер кездеседі. Соңғы көрсеткішке сүйенсек, ауданда  еш себепсіз 22 жас әскери борышын өтеуден қашып жүр. Ал, 12-і ауданда ҚІЖБ тізімінде  тұрғанымен,  мекен-жайларын ауыстырып, басқа жаққа көшіп кетуі себепті шақырту қағазы қолдарына тимеген болса,3-уі РФ(ресей Федерациясында) жұмыс істейтіндер. Әскерге шақыру кезінде шекарадан өтіп кететіндіктен, олар бұл хабарды ала алмайды. Алайда жергілікті ҚР қорғаныс бөлімінің хабарын алып тұрып, әскерге баруға  құлшыныс танытпайтындар  аз емес.Денсаулықтарында кінарат болуы кедергі болса бір сәрі, мүлдем тәртіпке бағынғысы келмейтіндер қатары азаймай келеді. Заң талаптарына тоқталсақ, ҚР Қылмыстық Кодексінің 387 бабына сәйкес Отан алдындағы борышын өтеуге құлық танытпағандарға жаза күшейтіліп отырғаны белгілі.

Отан қорғау-еліңді, жеріңді қорғау емес пе?! Елбасы Н.Назарбаев «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол-Тәуелсіз Қазақстан»-деген сөзі  әр сарбаздың жүрегінде орын алуы қажет. Кезінде елді жаудан қорғаймын деп аттойлап алға ұмтылған өр мінезді, қайсар қазақтың ұрпақтары Тәуелсіз Қазақстанның туын биік көтеруға ұмтылсаңыз кәне! Жастар бойында рух болса,   қазақтың бойкүйездігі қақырап, патриоттық сезім биік көтерілер ме еді…

 

Гүлнар ҚАДЫРОВА