13.03.2019, 17:52
Қараулар: 446
Алла Тағаланың хикметтері

Алла Тағаланың хикметтері

Үміт үзілгенде дем беретін «Құран Кәрім» оқиғасы

Кез келген адамның аңсаған арманы бары рас: кітап жазу, тың жоба ойлап табу, отбасылы болу әрі қызмет етіп, келер ұрпаққа пайдасы тиетін әрі ақыретте де сауабы үзілмей жетіп тұратын дүние қалдыруды армандамайтын адам кемде кем.

Мұндай үлкен мақсаттарға апаратын жол үлкен ықылас пен күш-жігерді талап етеді. Бұл жолда қиындықтар, сәтсіздіктер, сырқат, айналадағылардың тарапынан болған кедергілер кездесуі бек мүмкін. Сондай кездерде адам баласы еңсесін түсіріп, салы суға кеткен күй кешеді. Ары қарай күресуге ынтасы болмай, қызығушылығы да жоғалады.

Осындай кедергілер мен құлдыраулар қалыпты жағдай екені есте болғаны жөн. Алайда адам үнемі осы сезімде жүретін болса, сүрінгенде қайта тұратын, күресетін әл-дәрмені қалмай қалады. Тіпті суицид жасап, өз өмірін қиып та жатады.

Еңсені түсіріп, үмітті үзетін сезімдерді Құранда келген оқиғаларды еске түсіре отырып жеңіп шығуға болады. Бұл оқиғалар үміті үзіліп, сүрінген жанға демеу беріп, қайтадан тұрып күресуіне күш береді. Дегенмен, бұл оқиғаларды даналықпен, үмітпен әрі ақылмен қабылдап, түсінген абзал.

 

Яқұб пайғамбардың оқиғасы

Яқұб пайғамбарды өз балалары алдап, ең сүйікті ұлы Юсуфтан айырып, қастық қылады. Солай болса да ол ұлымен қайта қауышу үмітін үкілеп, күдерін үзбеді. Яқұб пайғамбар:

  • Мен шерімді, қайғы-мұңымды бір Аллаға ғана шағамын һәм Алланың маған үйреткен ілімінің арқасында сендер білмегенді білемін,- деді.

Яғни, ол ілімінің арқасында, даналықпен үмітін үзбеді. Жаны қысылып, қатты қиналған кезде еріксіз көзіне жас алса да қиыншылыққа төзе алды. Алайда бұл сынақ оның Аллаға деген тәуекелін түгесе алмады. Бұл сынақ оған жұбаныш болып, керісінше алға қарай ұмтылуға күш берді.

Түйін: Аллаға жан дүниеңізді ашыңыз

Арманыңызды орта жолда тастап кетпеңіз, тіпті қызығушылық әсері басылып қалса да, күшіңіз қалмай, сәтсіздікке ұшырай берсеңіз де діттеген мақсатыңыздан кері шегінбеңіз. Алланың алдындағы әлсіздігіңізді, дәрменсіз құл, нәпсінің құлы екеніңізді мойындаңыз, қажет болса ақтарылып жылап алыңыз. Осы халіңізді Алла Тағаланың алдында әлсін-әлсін көрсетуге қысылмаңыз, арланбаңыз. Алла Тағала адамның амалын оның ниетіне сай жаратады. «Үмітсіз шайтан» демекші рақымы шексіз, мейірімді Алладан үмітімізді үзбейік!

                                                            Muftyat.kz        

сайтынан алынған