16.09.2019, 17:30
Қараулар: 156
Үлгі болар отбасылармен кездесу

Үлгі болар отбасылармен кездесу

  «Самғау» коворкинг орталығында аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Мейірім» отбасын әлеуметтік қолдау орталығы  қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Үлгілі отбасы-қоғам тірегі» атты дөңгелек үстел өтті.


Оған ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Ғазез, Мерей ауылдық округінің әкімі М.Нәріков, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының  «Бастау бизнес», «Жас кәсіпкер»  бағдарламаларының координаторы Н.Габбасов, сондай-ақ, қайтарымсыз грантқа ие болған  кәсіпкерлер мен өз істерін енді ашуға ниет білдірген  жас отбасылар қатысты. Дөңгелек үстел басында отбасылық құндылықтар мен отбасылық бизнесті дамыту бағытында әңгіме өрбіп, әрқайсы өздерінің алға қойған жоспарларымен бөлісті.

Сондай-ақ  жиында сөз алған Думан Ғазез жиналғандарға өз пікірін білдірді.

«Бүгінгі   шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған керемет басқосу болды. Қазіргі таңда бала-шағасының қамы үшін өз кәсібінің нәсібін көріп отырған сіздердей отбасылар «алма піс, аузыма түс» деп шалқайып жатып алып, үкіметтен көп нәрсені талап ететін кейбір жастарымызға үлгі етуге тұрарлық. Қазіргі таңда Үкімет қолынан іс келетін, адал еңбекпен нәпақамды табам деген жандарға қолдау білдіруде. Сондықтан әрқайсысымыз өз ұрпағымызды адал еңбекке тәрбиелеуіміз керек. Бірақ бір тұтас отбасы бар кейбір тепсе темір үзетін жап-жас әкелеріміз бен жас аналарымыздың үкімет асырау керек деген пиғылдарын түсінбеймін. Осындай әңгімелерді айтсаң «үкіметтің беріп жатқан тегін ақшасын неге қызғанасың» дейтіндер де табылып жатады. Сондықтан кез-келген адам үкіметке қарап иек арта бермей, талаптанып еңбек ету керек. Мемлекеттен бөлінген барлық жеңілдіктерді пайдаланып, алланың берген несібесін еңбекпен табуға тырысқан дұрыс деді.

Шара барысында мемлекет тарапынан бөлінген қайтарымсыз грантты ұтып алып, бүгінде өз кәсібін жүргізіп отырған жас ана Жұлдыз Рахметқызы да  өз іс-тәжірибесімен бөлісті. -Мен мен көпбалалы анамын, тіпті әжемін десе де болады. Әрине басында балаларды жалғыз асырау оңайға соқпады. Сол себепті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барып, кәсіпкерлік білім алдым. «Бизнес-Бастауда» бір айлық дәріс алып, 250 мың теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткіздім. Осылайша өз кәсібімді аштым. Көрпе, жастық тігемін. Бір сөзбен айтқанда қыз жасауын дайындаймын. Еңбек етемін деген адам қаражаттың аз көптігіне қарамайды. Теңіз тамшыдан құралатынын ескерсек менде бизнесімді аз қаражаттан бастадым. Бір машинка мен бір оберловка алдым. Үш метр матамен алғашқы көйлегімді тігіп, оны он мыңға саттым сөйтіп жұмысымды жалғастырдым. Қаражат шығарып,  шеберлік класына қатысқаным жоқ. Барлығын интернеттен тегін  үйрендім. Сондықтан ештеңеден мойымаңыздар. Егер ынта жігерлеріңіз болса, алмайтын асу жоқ-дейді жас  ана.

Дөңгелек үстел басында әр отбасы өздерінің жоспарларымен бөлісіп, еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін тілге тиек етті.

Бизнесті дамыту бағытындағы өздерінің  іс тәжірибелерімен бөлісті. Өнерлі отбасылар  ән шырқап, мерекенің шырайын келтірді. Шара соңында қатысушыларға сыйлықтар табысталып, естелік суретке түсті.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала ауданы