16.09.2019, 17:48
Қараулар: 488
Жас маман ауылға асыға ма?

Жас маман ауылға асыға ма?

Қолына диплом алған әр жас маман жылы да ыңғайлы жерде қызмет атқарғысы келеді. Көпшілік мансап жолын қалада бастап, сонда кәсіби өсуді қалайтыны да жасырын емес. Алайда мемлекеттің «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде ауыл-аймаққа жыл сайын келетін жас мамандар саны артуда. Аталмыш бағдарлама шарттары жастарға қаншалықты ыңғайлы? Жастар ауылға мақсат-арманмен келеді ме, жоқ әлде амалсыздан ба? Бірге саралайық.


 Аудандық экономика және қаржы бөлімінің ақпаратына сүйенсек, жыл сайын ауылға келетін мамандар саны өсуде. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласына келушілер қатары көп. Сондай-ақ соңғы уақытта аталмыш бағдарламаның қатарына қосылған ветеринария саласы да бар. Өткен жылы аудан бойынша барлығы 24 маман бюджеттік несиеге қол жеткізсе, 46 маманға көтерме жәрдемақы берілген.

-2018 жылы көтерме жәрдемақы бойынша 7,7 млн.теңге қаржы бөлінді. Ал бюджеттік несие қаражаты 83,0 млн.теңгені құрады. Жалпы жыл сайын әр сала бойынша келетін мамандар саны артуда. Соның өзі қуантады. Себебі ауылдық жерге жұмысқа тұрған әр маманның сол ауылдың дамуына тигізетін үлесі болмақ. Ол еліміздің өркендеу жолында маңызды рөл атқарады. Аталмыш бағдарлама арқылы несиеге қол жеткізген маман үйлі болады. Бұл бағдарламамен несие 0,01пайызда беріледі. Алғашқы үш жыл көлемінде мамандар сол жерде қызмет атқарса, әрі қарай жұмыс жоспарларын өзгертуге тыйым салынбайды. Тек несиені 15 жыл бойына төлейді. Жалпы айтқанда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы оқуды жаңа аяқтап келген жас маман үшін үлкен көмек. Осы уақытқа дейін бағдарламаға қатысып жатқандар қатары қандай болса, жыл сайын одан да көп болып отыр,- дейді аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Айнара Әбілқасымова.

Сондай-ақ мамандардың айтуынша 2019 жылы бюджеттік несиеге бөлінетін қаражатта айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қазіргі таңда кезекте 24 адам тұрса, соның алтауы қазан айында бюджеттік несиеге қол жеткізеді деп жоспарлануда. Ауыл-аймақтарды әлеуметтік, техникалық мамандармен қамтамасыз етуді мақсат еткен бағдарлама 2020 жылға дейін жалғасатын болады. Ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастар қатарын сиретуге аталмыш бағдарлама тағы да біраз уақыт өз үлесін қоспақ.

Қамбар Рахметов,

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушысы:

-Бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімін. Еңбек өтілім 5 жыл. 2018 жылдың қарашасында аталмыш бағдарламаға қатысып, мамыр айында үйлі болдым. Жалпы сатып алатын үйді ұзақ іздедім. Көбінесе, ескі үйлер кездесті. Ақыры бір үйге тоқтап, соны алдым. Бағдарламамен бөлінген қаржы үйдің бағасына жеткен жоқ, үстінен қосуға тура келді. Қазір отбасыммен өз үйімізде емін-еркін өмір сүрудеміз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жас мамандарға бір серпін береді деп ойлаймын.

 

Жандос Баймағамбетов,                   

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушысы:

-2010 жылы М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ музыка пәні мұғалімі бойынша тәмамдадым. Тасқалаға 2018 жылы табан тіредім. Оған дейін басқа аудандарда қызмет атқарып, мамандығым бойынша жұмыс жасадым. Жалпы еңбек өтілім 13 жыл. Тасқала ауданына қызмет атқарғанымда жолым болды. Жұмысқа тұрған соң бағдарламаға қатысу мүмкіндігі туды. Қазір үй алғаныма 2 айдай уақыт болып қалды. Жалпы алар кезде саттықта тұрған үйлерді біршама араладым. Шамамен 30-40 үйді қарап шыққаным рас. Алайда саттықта тұрған үйлер көп болса да, арасынан жақсы-ау, алуға тұрады дейтіндері аз. Бұйырғанына қол жеткіздім. Бағдарлама бойынша бөлінген қаражат алатын үйдің бағасына жетпеді, өз қаржымнан қосуға тура келді. Бірақ қалай болғанда да жұбайым екеумізге ыңғайлы, өзімізге ұнайтын үйді алдық. Жалпы жаңадан жұмысқа тұрып, қызметін енді бастаған жастарға аталмыш бағдарламаның септігі мол.

 

Әсемгүл АМАНОВА