16.09.2019, 18:00
Қараулар: 466
Жерлесіміз «Жетісуда» ойнап жүр

Жерлесіміз «Жетісуда» ойнап жүр

Спорт падишасы саналатын футбол ойынына деген  жанкүйерлер әлем бойынша миллиондап саналады. Күн сайын олар  теледидарға қарап, футбол жаңалықтарын тыңдайды. Бұл  ойынының шығу тарихы өте тереңде жатыр.

Сондықтан көпшілік қызығушылық танытатын аталмыш ойын жөнінде білмек болып, бүгінгі таңда  таңда «Жетісу» футбол командасында қорғаушы болып ойнайтын жерлесіміз  Еркін Тапаловпен арнайы  сұқбаттасқан едік.  Төменде сол сұқбатты жариялап отырмыз.


-Еркін бауырым, футболға қанша жастан бастап араластыңыз?

-Мен Орал қаласы, Тасқала ауданында туып өстім. Алғаш рет футболға досым ертіп апарған болатын. Он жасымнан бастап жергілікті жердің футбол мектебінде тәлім алып, аудандық жастар БЖСМ футбол құрамасының қатарында өнер көрсеттім. Футбол әліппесін үйреткен, сол кездердегі бапкер Мағзом Есқалиев болатын. Тек мені емес, мен секілді көптеген балаларды футбол ойнауға үйреткеніне әлі күнге алғысым шексіз. Жаттықтырушымыз тек футбол ойнауды ғана емес, сонымен қатар көптеген адамгершілік қасиеттерге үйретті. 2011 жылы Ақжайық футбол клубымен алғаш кәсіпқойлық келісімшартқа отырдым. Ол кезде мен 17-жаста едім. Алғашқы ойынды «Ақтөбе» командасына қарсы кубоктық кездесуде өткіздім. Ол кездесуде негізгі уақытта 1-1 есебімен тең түсіп, пенальтиден жеңіске жеткен болатынбыз. Жыл сайын Турцияға маусымалды жоспарлы оқу-жаттығу жиынына барамыз. «Ақжайықтың» сапында жеті жыл ойнадым. Қазіргі таңда Талдықорғанның «Жетісу» клубында өнер көрсетудемін. Биыл ақпан айында Ұлттық құрамаға шақырту алдым. Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынды Молдава құрама командасына қарсы жолдастық кездесуде ойнадым. Мен екі позицияда ойын көрсетем, оң жақ қапталдың қорғаушы және жартылай қорғаушы. Жетістікке келсем Ақжайық сапында бірінші лиганың чемпионы болдық, «Кубок ПФЛК среди дублеров» чемпион болдық. 2013 жылы отбасын құрдым, қазіргі таңда бір ұл бір қыз тәрбиелеп отырмын.

-Маусымды қандай көңіл-күймен күтесіз?

-Жақсы нәтижелерге үмітпен. Чемпионаттың екінші бөлігі старттан өзгеше болады деп сенгім келеді және жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын..

-Ал енді әңгімеміздің төркінін футбол ережелеріне бұрсақ. Жалпы командада қанша ойыншыдан болады?

-Футболдың пайда болғанына 150 жылдан асып барады. Осы уақытқа дейін көп өзгерістерге ұшырады. Бірақ ойын ережесі ондай қатты өзгермеді. Ал енді санына келетін болсақ, қос команда сапыннан 11 ойыншыдан алаңға шығады. Бір қақпашы, қалған он ойыншы алаңда ойнайды. Футболшылардың алаңда ойнау тәртібі де эволюциялық жолмен дамып келеді. Мысалы 60-70 жыл бұрын футболшылар шабуылға бейім болатын, яғни шабуылда бес адам ойнайтын. Бразилияның атақты дубль-В жүйесі бойынша шабуылда бес адам болатын. Уақыт өте келе командалар қорғанысқа көп көңіл бөлетін болды. Қорғаныста төрт адам, орталық қорғаныста төрт, шабуылда екі адам. Қазіргі футболдың дамыған түрі – қорғаушы тек қорғаныста ғана емес, шабуылда да жақсы ойнау керек.

-Видеокөмек жүйесі қандай қызмет атқарады?

Видеокөмек жүйесі даулы сәттердің төрт түрін көруге және судьяға дұрыс шешім қабылдауға көмектесуге мүмкіндік береді. Соғылған голдар кезінде ережелерді бұзу, пенальти тағайындалған эпизодтар, қызыл карточканы қате көрсету (екінші сары эпизодтар қаралмайды) және жазаланған ойыншыларды сәйкестендірудегі қателіктер (карточкамен жазаланатын фол кім жасағанын анықтауға көмектеседі). Осылайша, бейне көмек жүйесі матч кезінде төрешілердің «айқын қателіктерін» ресми түрде анықтауға және растауға мүмкіндік береді.

-Футбол добы қандай болу керек?

Доп көп уақыт бойы теріден жасалып келді. Қазір жаңа технологиямен құрамына пластик те қосады, оның үстіне салмағы да жеңілдеді. Өзінің стандарты бойынша салмағы 600 грамм болу керек.Тұтастай домалақ болып келеді. Сонымен қатар, футзалдың добы кішірек, әйелдер футболының добы басқаша, ал ерлер ойнайтын үлкен футболдың добы тіптен өзгеше болып келеді. Жасөпірімдердің добын нөмірлерімен белгілейді. Ерлер арасындағы үлкен футболда №5 доппен ойнайды.

-Тәртіп бұзғаны үшін аяқдопшыларға не себептен сары, қызыл қағаздарды көрсетеді?

-Футбол Англияда пайда болған. Ал ол елден джентельмендер шыққан. Мүмкін футбол дами бастаған кезде ешқандай ойында қатты өрескел қателіктер болмаған шығар. Футболды таза ойнаған. Кейіннен нәтижеге таласу сәтінде ойын тәртібі көп бұзыла бастағанда, футбол басшылары ойынға жаңа тәртіп орнатқан болуы керек. Содан ақырындап ескертулер басталған. Тәртіп бұзудың әртүрлі дәрежесі бар. Ойыншыға алдымен ауызша ескертеді. Кейін сары қағаз көрсеткеннен соң ойыншы байқап, тәртіп бұзбай ойнауға тырысады. Бір ойыншыға бір ойында екі сары қағаз көрсетсе, футболшы алаңнан қуылады. Ал кейде ойын тәртібі өрескел бұзылғанда футболшыға бірден қызыл қағаз көрсетіледі.

-Қазақстан ұлттық құрамының киім түсі қандай?

Тәуелсіздік алғаннан бастап туымыз сары-көк түсті. Тек футболдан ұлттық құрамамыз ғана емес, спорттың барлық түрінде өнер көрсететін ойыншалырдың киім түсі сары-көк.

-ФИФА мен УЕФА деген ұғымдарды түсіндіріп кетсеңіз. Олардың қызметтері қандай?

-УЕФА Еуропаның футбол федерациясы. 1952 жылы құрылған. Ал ФИФА халықаралық бүкіл әлемдік федерация, ол 1904 жылы құрылды. ФИФА әр құрлықтың футбол федерацияларын басқарады. Оның құрамында УЕФА, Азия, Африка, Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка және Австралия конфедерациялары бар. Мысалы, УЕФА-да белгілі жарыстар өткізілетін болса, ФИФА-ның рұқсатын алады. Әлем чемпионатын ФИФА өткізеді. Дүние жүзінде әлемге танымал екі чемпионат өткізіліп жүр. Оның бірі УЕФА, екіншісі ФИФА. Екеуі де 4 жылда бір рет болып тұрады. Бүкіл әлемді алатын болсақ, мықты құрамалар негізінен Еуропада. Одан кейін барып Оңтүстік Америкадағы Бразилия мен Аргентина. ФИФА мен УЕФА басшылары келісіп, төрт жылда бір рет жарыс ұйымдастырады. Әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионаты араға екі жыл салып кезекпен-кезек өтіп тұрады. Мысалы, 2018 жылы Ресейде Әлем біріншілігі өтсе, 2016 жылы Францияда «Еуропа» чемпионаты өтті. Бүгінгі таңда ФИФА бекіткен рейтингте Қазақстан 117-ші орында. Ал, УЕФА-ға мүше 53 елдің ішінде біздің құрама 25-ші орынға жайғасыпты. Дәл қазір Ұлттық құрама келер жылы өтетін Еуропа чемпионатынының  іріктеу ойындарына қатысуда. І тобында Белгия көш бастап тұр. 4 ойын өткізген біздің жігіттердің қоржынында әзірге 6 ұпай бар. Ендеше қарқын алып келе жатқан қазақ футболына атсалысайық және жігіттерге сәттілік.

Футбол алаңының өлшемі  қандай  болу керек?

-ФИФА-ның ережесінде ең кем дегенде ұзындығы 105 метр, ені 68 метр болу керек. Одан асатын стадиондар да болады. Бірақ өзінің шектеуі бар. Қазақстандағы премьер-лига алаңдарының барлығы 105х68 метр.

 

-«Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, алыста жүрген жерлестерінің жетістігін естіп ауылдағы ағайынның қуанып отыратындығы жанға жылу береді. Соның ішінде Еркін сияқты аяқдопшылардың аты елімізге танылып жүрсе, неге қуанбасқа? Жасыл алаңдағы көрсетіп жүрген өнері табысты болғай дейміз Еркінге.

 

Сұқбатты жүргізген: Болатбек САПАРҒАЛИЕВ