17.09.2019, 16:38
Қараулар: 264
Инвестициялық жобалар қолға алынуда

Инвестициялық жобалар қолға алынуда

ҚР Президенті Қ.Тоқаев халыққа жолдауында отандық бизнеске қолдау көрсету мәселесіне назар аударғаны белгілі. Соның ішінде жеке кәсібін бастағандарға әкімшілік кедергілер келтірмеуді бас айтты. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау еліміздің дамуының басты бағытының бірі екенін де естен шығармады.


Қазірде Тасқала ауданында 894 шағын субъектісі жұмыс жасайды. Аталған салада 1974 адам жұмыспен қамтылған. Бұл аудан бойынша экономикалық белсенді тұрғындардың 18,5 пайызын құрайды. 2019 жылы Тасқала ауданының өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 332 млн.теңгені құрады, яғни 2018 жылдың деңгейінен 64,1%-ға артқан.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін арнайы шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде 2019 жылдың 27 мамырынан бастап апта сайын ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелері өткізілуде. Бұл, жәрмеңкелер өнімді өндірушілерге де, тұрғындарға да өте қолайлы орта қалыптастырды.

Сонымен қатар ауданның экономикасының дамуына инвестициялық жобалардың зор үлес қосатыны белгілі. Атап айтқанда, 2019 жылдың 1 шілдесіне аудан бойынша тартылған инвестиция көлемі 347,8 млн. теңгені құрады. Инвестиция көлемінің негізгі бөлігі, яғни 57,5% ауданның шаруашылықтарының ауыл шаруашылығы техникасы және асыл тұқымды малын сатып алу болып отыр.

  • Ауданда 5 инвестициялық жобаның құрылысы жүріп жатыр. Олар, сағатына 2 мың бөтелке су шығаруға қауқарлы «Су құю цехы», 5120 бас ірі қараға арналған «Taskala-ET BKO» бордақылау алаңының, «Кемпинг-Тасқала» жол бойы сервис орталығы және Тасқала аудандық бизнес-инкубатор инвестициялық жобасы, сонымен бірге, «Кенжалиев» жеке кәсіпкерлігі құс фермасы жобасы қолға алынуда. Аталған инвестициялық жобалар іске асқан кезде аудан экономикасына қомақты серпін береді, — деді Алдияр Сансызбайұлы.

Ауданның инвестициялық әл-ауқатын арттыру және ауданға инвесторларды тарту мақсатында Тасқала ауданының инвестициялық картасының пилоттық жобасы жасақталуда. Онда аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындаға бос жерлер, бизнес өкілдеріне кәсіптерін ашу немесе ұлғайту үшін берілетін жерлер, ауданның транспортық инфрақұрылымы, пайдалы қазбалар, мемлекеттік жекешілік әріптестік арқылы ұсынылатын жобалар,  бос тұрған ғимараттар туралы ақпарат енгізілетін болады. Яғни, бизнес өкілдеріне инвестиция салу үшін барлық ақпаратты бір жерге жинақтап, мейлінше қол жетімді ету жоспарлануда.

 

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы