17.09.2019, 17:49
Қараулар: 178
Ауылдан біздің неге кетеді?…

Ауылдан біздің неге кетеді?…

Жұмыс бабымен Достық ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылына қарай сапарлап қайтқанбыз. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін, айналаны қоршап жатқан тал-теректер мен ағып жатқан бұлақтың қайнар көзі де осы ауылдан бастау алады. Ауыз су мен көгілдір отын әр үйдің ауласына кіріп тұр. Мектеп ауласындағы құлпыра өскен гүлдер ауылдың сәнін кіргізгендей. Бұл елді-мекеннің әсем табиғатын кіре берісінен-ақ байқарсың. Жалпы айтқанда ауыл  тазалығы бізді қуантты. Сыртынан қарасаңыз қырық шақты үй көзіңізге ілігеді. Бірақ олардың тең жартысы бос тұрғанын, кейін ауыл тұрғындарымен тілдесе келе білдік. Енді, бізді мазалаған жалғыз сұрақ-бұл ауылдан халық неге көшеді?.


Жанымызға жақындаған ауыл ақсақалы Есенғали Изгалиев  ағамыз ауыл туралы біраз сырдың бетін ашты. «Ауыл деген осы. Менің мұнда тұрып жатқаныма көп жыл болды. Жағдайымыз жаман емес. Қолдағы азын-аулақ  малымызды бағып, ел қатарлы  өмір сүрудеміз. Барлық жағдай бар. Су мен көгілдір отын және жарықтан тапшылық көрген емеспіз. Керек десеңіздер әр үйге телефон арқылы интернет желісі де тартылған. Тек бір өкініштісі тұрғындардың ауылдан кетіп жатқаны жаныңа батады. Қаншама үй иесіз қаңырап тұр. Мектебімізде бастауыш болып қалды, бара-бара жабылып тынатын шығар. Кім білген?. Ауылымыздың дәл ортасына спорт алаңын салып қойды. Бірақ онда кім барып ойнайды. Бала жоқ ауылда. Ынтымақты күзетіп қалған біз секілді кемпір-шалдар барып доп теппесек. Уақыт өте келе оларда өзді-өзінен құлап, бұзылатыны белгілі. Сондықтан Елбасының ауылды көтеру керек деген сөзін естен шығармай, керісінше әкімдік болсын, қарапайым халық болсын ауыл іргесінің сөгілмеуіне атсалысу керек қой,- деп шырылдайды ауыл ақсақалы.

Үлкен кісінің сөзінің жаны бар. Естеріңізде болса 2015 жылы ауылға  көгілдір отын келгендегі халықтың қуанышын көрсеңіз. Барлық нысандар мен тұрғын үйлер газге қосылғанда тұрғындардың иығынан ауыр жүк түскендей болып еді. Осылайша от жағып, күл шығарудың ауылын біржола алыстатты. Кезінде гүрілдеп тұрған елді-мекеннен, кейінгі кездері халық үдере көшіпті. Ауылдың ішін аралап жүріп, бұл жерден ұялы байланыстың бірде-бірі ұстамайтындығына көзіміз жетті. Яғни байланыс мүлдем жоқ. Тек тау қырқаларға шыққан кезде ғана аз-мұз пайда болады. Саратов-Орал тас жолынан Ынтымаққа дейін 7-8 шақырымдық жер.

— Өзім осы жердің тумасымын. Жоғарғы оқу орынын бітіргеннен соң ауылға  келіп, отбасын құрып еңбекке ерте араласып кеттік. Бұл ауылдың табиғаты тамаша. Тек ерінбей еңбек ету керек. Бұндай жерді көзің қиып қалай тастап кетесің?. Қазіргі таңда ауылда тұратын жастардың қатары сиреп барады. Барлығы жұмыс жоқ деген сылтаумен қалаға кетті. Өздерімен бірге балаларын да ала кетті. Жазғы демалыста ауыл іші асыр салған балалардың шат күлкісіне толып тұратын. Бүгінде ауылымыз тып-тыныш. Шыны керек, жоқ деген де әр үйде 3-4 немереден бар. Бірақ өкінішке орай оларда ата-аналарымен бірге қаланың тірлігіне араласуда. Сол жастарымыз ауылда тұрып еңбек етіп, балаларын осында оқытса жағдай басқаша болар ма еді? Кітапхана мен ауылдық мәдениет үйі, медпункт барлығы да жұмыс істеп тұр. Өздеріңіз көргендей ешбір ауылдан кем емес, біздің Ынтымақ. Осыдан артық не керек? Ауылда тұрып еңбек етемін деген жандарға мүмкіндік мол,- дейді ұстаз Гүлнар Хамитқызы.

Тұрғындардың сөзінен  түсінгеніміз жастардың ауылға  тұрақтамауына инфрақұрылымның  дамымауы мен жұмыстың жоқтығы себеп. Ол да мүмкін, бірақ  сыныққа сылтау іздегенше бір сәт оған өзіміздің де кінәлі екенімізді ұмытпағанымыз абзал. Атам қазақ алты жастан баласын ашамайға отырғызып, мал бақтырып, еңбекке баулыған. Еңбекпен тапқан наның тәтті болатынын сол кезден бастап түсіндірген. Сол себептен болар осы кезге дейін трактор айдап, мал бағатын бақташыдан тапшылық көрмеп едік. Бүгінде бұл жұмысқа бұрынғының көзін көргендер болмаса, жастар жағы қара жұмыстарға тап қызығушылық танытып жатқанын байқамайсың. Тіпті көрмейсің деуге де болады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен ауылда тұрып, баламыздың  дұрыс мамандық таңдауына жағдай жасай алмай отырған өзіміз де кінәліміз. Өйткені өзгенің баласына еріп, қатардан қалмауды баламыздың санасына ертерек құятынымыз, кейін өзімізге опық жегізеді. Заңгер, мұнай-газ т.с.с жеңіл-желпі мамандықтар ауыл баласының туған жерінен ерте алыстауына септігін тигізеді. Тіпті болмаса қалада жүріп такси айдағанды әлдеқайда оңайырақ санайды. Бірақ табыстың көзі нағыз ауылда екенін ескере бермейді. Кейінгі кездері не тұратын баспанасы, не тұрақты жұмысы болмаса да жастарымыз қаланың тірлігіне бас сұғады.  Ауылдағы ата-анасының азын-аулақ табысына ортақтасатындарды да көзіміз көріп жүр. Қазіргі таңда ауылға келіп шағын және орта бизнес ашамын деген жастарға мүмкіндік молынан.

Осы біз кіндік қанымыз тамған туған жерді тастап, бақыттың кілтін неге қаладан  іздейміз? Ата-бабамыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған үйір-үйір жылқы айдап мал баққан, бала сүйіп, ұрпағын жалғастырған құтты мекенімізден бүгінде біз неге жерідік? Әлде, ауылдың қасиетін түсінбейтін деңгейге жеттік пе? Сондықтан халықтың көшуіне  саясатты кінәламай тұрып, алдымен жастарды ауылда қалып еңбек етуге үгіттеуіміз керек. Қайта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұйымшылдықпен ауылды сақтап қалуға атсалыссақ нұр үстіне, нұр болар еді. Мүмкін балаларымызды ауылда еңбек етуге үйретсек халықта ауылдан үдере кө­шпес еді. Қазіргі жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып керісінше ауылға көшіп келуді әдетке айналдыру керек деп санаймыз. Осы жерде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың

 «Сен де кеттің,

 мен де кеттім,

ол да кетті ауылдан,

 Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау қауымнан…»,

 «Күте-күте, көзі талып, күн сарғайып батқандай,

 Зират екеш, зираттар да бізді жоқтап жатқандай.

 Момын жұрттың арқа сүйер азаматы біз едік!

Жеке-жеке бақыт іздеп, жеке өмір түзедік.

Жетер енді!

 Туған жердің топырағына тізе бүк!»  дейтін өлең жолдары еріксіз есіңе түседі.

Материалға қосымша: https://sazalem.com/audio/21256508359034ae61dfd5366559887.mp3

Назгүл Серікқызы