18.09.2019, 16:58
Қараулар: 244
Бірінші орын Арманға бұйырды

Бірінші орын Арманға бұйырды

II Шежін ауылдық округінде «Балық аулау — ғанибет, қармақ салу —  қабілет» атты ашық аспан астындағы балық аулаудан байқау өтті.


Сайыс болатынын естіген балықшылар Шежін өзенінің жағасына жиналды. Қолдарына қармақтарын ала келген сайыскерлер төрешілердің шартына құлақ түрді. Олар екі сағат уақыт ішінде ауланған балықтың санына қарай есептелетінін жарыс барысында балықшыларға ескертті.

-Осы ауылда туып өскенмін. Балық аулауға бала кезімнен дағдыландым. Балыққа шыққан кезде жаның рахат алып, кереметтей тынығып қаласың. Былайша айтқанда табиғатпен тілдесесің деуге болады. Қызметте жүргенде басшылар іссапарларға жібереді ғой. Сол кезде өзіммен бірге қармағымды да ала жүретін едім. Үш қыз, бір ұлым бар. Қазір зейнеткермін. Балыққа шығуға  уақытым жетеді. Кез-келген уақытта қармағымды алып өзен жағалап кетемін. Осындай шаралар жалғасын тауып, жиі болып тұрса екен,- дейді Шежін ауылының тұрғыны Набиолла Мангуров.

-Балықтың жақсы түсуі ауа райына да байланысты. Ай толған кезде жақсы түседі. Шортан балығы сәуір айында шабады. Күз мезгілі де балық аулауға қолайлы кез. Мен өзім метеоролог болғаннан кейін, әрдайым судың температурасын бақылауда ұстап отырамын. Кішкентайымыздан балық аулауға дағдыланғаннан кейін, қазірде қол босай қалса далаға шығып кеткіміз келіп тұрады. Бұндай шараларға жасөспірімдерді де көрермен ретінде болсада қатыстыру керек. Себебі табиғатқа жақын болған адам ешқашан қор болмайды,- дейді әуесқой балықшы Нұржан Жалмұханбетов.

-Балық аулауды қайын атамнан үйрендім. Сол кісінің қасынан қалмай, бірге жүріп біраз нәрсені үйреніп алдым. Балықтарға тор құруды да үйреніп алдым және балаларыма да үйреттім. Бұл менің басты хоббиім. Бүгін міне ер адамдармен қатарласып бағымды сынап көруге келдім. Әуесқой балықшылардың жарысы өтетіндігін естіп, үйде отыра алмадым, — дейді зейнеткер ана Гүлсім Сержанова

Жарыс қорытындысында амангелділік Арман Тастанбеков 15 балық аулап суырылып алға шықса, екінші орынға 12 балықпен шежіндік Қапис Толыбаева жайғасты. Үшінші орындарды қос шежіндік Гүлсім Сержанова мен Нұржан Жалмұхамбетов қанжығаларына байлады.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

Тасқала ауданы