23.09.2019, 17:01
Қараулар: 338
Бөгет — ауылдың игілігі үшін

Бөгет — ауылдың игілігі үшін

  Ауданымызға қарасты Шежін ауылының қазіргі таңдағы жағдайы жаман емес. Ең бастысы халыққа жұмыс бар. Ауылда мектеп, интернат, ФАП және мәдениет үйі жұмыс жасап тұр. Қожалықтарда ауылдастарының бірнешеуін жұмыспен қамтып отыр. Ауыл ішіне биыл асфальт төселген. Оғанда жұмысшылар тартылып, ауылдықтар жаздайлық нанын тапқан көрінеді. Мектеп бітіргендеріне 20 жылдықты атап өткендер ауыл мектебінің ауласына жиырма түп шырша ағашын отырғызған. Аталған білім ошағынан түлеп ұшқан түлектер жыл сайын ат шаптырып, спартакиада өткізеді екен. Өз ауылына серпін сыйлаған осындай ауыл жастарынан айналмайсың ба?. Оның өзі үлкен күш.


-«ҚазТрансЭнергия» жол құрылысын салушы компания өкілдерімен жолығып, бөгет жасауға көмек сұрадық. Олар жүк көтеруші машинасы мен Камаз жүк көлігін беріп қол ұшын созды. Жанар жағармаймен аудан әкімшілігі көмектескеннің арқасында бөгетіміздің жан-жағын көтеріп алдық. Көктем мезгілінде Шежінге (өзені) су молынан келеді. Сол кезде бұған дейін ауыл тұрғындарының қолымен жасаған кішкентай бөгетін жыл сайын қардың суы жырып кете беретін. Соның кесірінен малдарымыз арғы беттегі шөбі мол жерге жайыла алмайтын еді. Әсіресе шөптің шүйгін дәмді кезі көктем мезгілі ғой. Бірақ арғы бетке шығып жайылуына мүмкіндік мүлдем болмайтын. Тек күзге жақын арнасы төмендеп, суы азайғаннан кейін ғана арғы бетке жайылуға мүмкіндік туады. Ағымдағы жылы жолшылардың техникасын жұмылдыра отырып жасап алдық. Шөп шабушыларда мына тұрған жерге тас жолмен айналып баратын. Жасалған бөгет оларға да тиімді болды. Көпшіліктің арқасында жасалған бөгетіміздің нәтижесін, алдағы көктемде көретін боламыз,- дейді II Шежін ауыл әкімі Алғадай Жамбыл.

Бұлда бір біткен іс болды. Ауылда отырған ағайын үшін, бұның өзі маңызды шаруа. Жасалған бөгеттің арқасында малдың өрісі кеңіп, күйі жоғарылайды.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ