23.09.2019, 17:12
Қараулар: 478
Ерінбесең бәрі де болады

Ерінбесең бәрі де болады

  Қазақта «Еңбек- бәрін жеңбек» деген нақыл сөз бар. Шынымен еңбек еткен адамның жолы ашық болатындығы сөзсіз. Әсіресе үкіметтен ешқандай көмек күтпей, жоқтан бар жасап жемісін көріп отырған отбасылар бар. Бірлігі мен тірлігі жарасқан шаңырақтарды көріп қуанасың. Мақаламызға арқау болып отырған Бірлік ауылының тұрғыны, география пәнінің мұғалімі Сәния Ищанова. Ол қазіргі таңда жұмыстан кейін, қол қусырып отырмай ауласындағы бақшасын суарып, одан алған өнімдерді қысқыға дайындайды екен.   


-Биыл 120-ның үстінде банкі жаптым. Өрік, алма, алша өрік және смародинадан кампот жауып алдым. Сосын қияр мен қызанақтан банкілер жауып алдым. Негізінен соңғы екеуі өзіміздің бақшадан. Қыстай көшеттерді өзім әзірлеп көктем шықсымен бау-бақша жұмыстарына кірісемін. Осы жапқан банкілерім өзіміздің отбасымызға жетеді. Салаттың 4-5 түрін жауып қысқыға әзірлеп қойдым. Анаргүл деген абысын келінім екеуміз екі үйге молынан жауып, қыстай азық қыламыз. Жеміс-жидек пен бау-бақша өнімдерін сатып алу деген әдет біздің отбасымызда әуелден жоқ. Бәрінде өз қолымызбен егіп жемісін көреміз. Ауысқанын тума-туыстар келгенде құр қайтпасын деп қолдарына ұстатамыз. Бұл түсінген адамға таптырмас сыйлық. Себебі өзіміздің бақшамыздан шыққан табиғи өнім. Аз қамтылған отбасыларға да қолымыздағы барымызды ұсынуды ешқашан естен шығармадық.

Ата-анамыз қара шаруаның адамдары. Бала күнімде біздер Ынтымақ ауылында тұрдық. Көршілеріміздің бәрі орыс ұлтының адамдары еді. Бақша егу мен банкі жабуды солардан үйрендім. Ол кезде мен жетінші сынып оқушысы едім. Содан бері жыл сайын дәстүрлі түрде банкі жауып келемін. Кейін Жәнібек ауданына тұрмысқа шыққан кезде де бау-бақшамен айналысуды тастамадым. Қазір ауылымызда жас келіндер бар, ауласы біздің шарбағымыздан әлдеқайда кең. Бірақ ешқандай бау-бақшамен айналыспайды. Өзімнен ауысқан көшеттерді көрші келіндерге тегін берем. Бірақ шаруашылыққа зауқы жоқ па әлде қызықпайма білмедім. Әйтеуір аулаларынан жайқалып тұрған жапырақ көрмейсің, — деп сырын ақтарды Сәния анамыз.

Ерінбеген жанға кәсіп көп дейді кейіпкеріміз. Ауылдық жерде тұрғандықтан кәсібіңді дөңгелетіп, игілігін көруге мүмкіндік мол. Бұл мақаланы жазарда біз кейіпкеріміздің сөзінен тек қана еңбекқорлық емес, абысындардың да татулығын, яғни қос шаңырақтың бір-бірімен етене араласып отырғандығын байқадық. Татулық пен бірлік бар жерде бәрі де болады. Сәния анамыз секілді еңбек адамдарын жазған сайын жаза бергің келеді. Себебі келер ұрпағымыз бен жастарымыз еңбек адамдарының еңбекқорлығынан үлгі алса дейміз.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ