23.09.2019, 17:30
Қараулар: 164
Адал еңбектің жемісі мәуелі

Адал еңбектің жемісі мәуелі

   «Заманына қарай адамы» деген. Қазіргі таңда әркім қолынан қандай кәсіп келсе, соны  дөңгелентіп өз нәпақасын табуға тырысады. Негізінен ауыл адамдарының тіршілік көзі ауылшаруашылығы.


Халқымызда «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген мақал бар. Бірақ кей кезде сол маңдай термен еткен еңбек дұрыс бағаланбай жатама деген сұрақтың мазалайтыны жасырын емес. Жер жыртып, егін өсірудің қаншалықты ауыр екендігін тек сол жұмыстың дәмін татқан адам ғана жақсы түсінеді. Таң атып, күн батқанға дейін жұмысшылармен бірге далада жүріп  себілген дән өз жемісін  бермейінше тыным таппайтын кәсіпкерлеріміз көп. Соның бірі Жамансариев Жарас Николайұлы. Ол 1961 жылдың 14 желтоқсанында Волгоград облысы Урюпинский ауданында  дүниеге келген.  Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын зооинженер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын «Өсімтал» шаруа қожалығында директор болып бастап, кейін «Автотранс» ЖШС басшысы болып қызмет атқарады.  2005 жылы өз алдына «Арай» шаруа қожалығын құрып, қазіргі таңда аталмыш шаруашылықтың жұмысын дөңгелентіп отырған жан. Бір сөзбен айтқанда  әмбебап шаруа. Егін егіп, мал өсіргені өз алдына аудан қалаберді облыс көлемінде ұйымдастырылатын жәрмеңкелерден де тыс қалмайды. Ауданымыздағы белді демеушілердің бірі. Жарас Николайұлымен егін басында кездестік. Көп сөйлегенді жаны сүймейтін кейіпкеріміз бізді жылы қарсы алып, бірден  шаруашылығы жөнінде баяндай жөнелді. Оның айтуынша «Арай» шаруа қожалығының еншісіндегі 2500 гектар егіс алқабы бүгінде ол 1500 гектарға азайған. Мұның себебін сұрағанымызда ол кеткен шығын мен еткен еңбек өзін ақтамайтындығын айтты. Әңгіме барысында биылғы ауа-райының жазы жаңбырлы, күні салқын болғандықтан себілген дәнніңде жарытып өнім бермегенін айтты. Статистикаға сүйенетін болсақ биыл 550 гектарға бидай, 200 гектар жерге арпа мен тағыда сондай аумаққа күздік егілген. Дәлірек айтсақ бидай 1 гектардан 8 центнер  берсе, арпа одан да төмен, ал күздік бидай 10-12 центнерді құрайды. Жиын-терін жұмыстарына екі комбайн мен екі Камаз автокөлігі, үш МТЗ-80 және бір жаңадан лизенгке алынған МТЗ 2112 тракторы тартылған. Енді есептеп қараңыз. Қанша литр жанар жағар май мен техникаға қажет. Қосалқы бөлшектер ондан қалса жұмысшылардың еңбекақысына кеткен шығынды айтпағанның өзінде жылқы таптаған егін тағы бар.

-Былтырда егін шамалы болды. Өңдеу жұмыстары  уақтылы жүргізілгенімен,  шығын көп. Оның үстіне Ақтау ауылының жанындағы  егінге  жылқы түсіп, 90 гектар арпаны пайдасыз қылды. Еңбектің еш кеткені деген осы. Тұрғындар малдарын қарамай бос жіберіп қояды. Бір сөзбен айтқанда  жылқы мүлде бағылмайды. Сондықтан олар егінге жиі түседі.  Жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Қазіргі таңда жылқының  иесін тауып, акт жасадық. Бірақ тапталған алқапты көргенде ішің удай ашиды. Осыдан кейін қалай жұмыс істейсің? Маңдай термен еккен егінің шықпағаннан соң көңіл күйің де болмайды екен. Ара-тұра осы жерді тапсырып тастасам ба деген ой жиі мазалайды. Бірақ осыншама жердің біраз жыл пайдасын көріп келіп орта жолдан тастап кетуге де қимаймын. Ал жұмыс істейін десем жағдай жаңағы. Сондықтан ауыл әкімдері күндіз-түні дұрыстап жұмыс істеу керек. Тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, иесіз жүрген малдарды неге анықтамасқа. Сол кезде жұмыс өз нәтижесін береді. Әйтпесе жайқалған егіннің үстінде аунаған жылқыны көргенде көзіңе еріксіз жас үйіріледі. Өйткені еңбегің көз алдыңда ысырап болғаны қиын екен. Бұл мәселе жөнінде аудан басшысына да өз пікірімді айтқан болатынмын. Әрине басшы ретінде ауыл әкімдеріне тапсырма бергені рас. Бірақ өкінішке орай тапсырманың іске аспағаны қынжылтады,- дейді Жарас Николайұлы.

Соңғы жылдары егіннен асып-тасыған пайда көрмесе де қысқы мал азығына келгенде кейіпкеріміз аянып қалған емес. 370 гектар шабындықтың 200 гектарын екпе шөпке пайдаланып, 150 гектарына еркекшөп  егіп, малға қажетті шөпті дайындап үлгерген. Бүгінде «Арай» шаруа қожалығының иелігінде 300-ге жуық аналық ірі қарасы болса, қой 600 ге жеткен. 77 жылқысы бар. Ол мал шаруашылығын дамытуға асыл тұқымды және селекция жұмыстарын ұйымдастыруға субсидия алды. Жарас Николайұлы тек өз кәсібімен ғана айналысып қоймай жерлестерін де жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылық басшысы ретінде де жұмыссыздықтың азаюына ықпал етіп келеді. Жұмыссыздар есебінде тұрғандарды өз шаруашылығына жұмысқа тартып, тұрақты жұмыспен қамтылуына үнемі жағдай жасап отырады. Әрине, жұмыс істеймін дегендерін… Бірақ кейіпкеріміздің айтуынша ауылшаруашылығына қызығушылық танытып, еңбек етуге құлшынып тұрған жастардың жоқ екенін аңғардық.

-Қазіргі жастар жалқау десек қателеспеймін. Себебі тепсе темір үзетін жас жігіттер жұмыссызбын деп биржаға тіркеліп, жеңіл-желпі жұмыс атқарғандарына мәз. Кейбіреулері тіпті мал мен егін шаруашылығына жақындағылары келмейді. Қазір шаруашылықта жастары 60-қа жақындап жүрген не болмаса жастары одан асқан азаматтар еңбек етуде. Айлықтарын уақтылы алады. Жағдайлары жаман емес. Жастардың осындай жұмыстардан қашатынын түсінбеймін,- дейді Жарас Жамансариев.

Мен егін орып, шөп шабамын не болмаса мал бағамын деп жалындап тұрған жастардың көп емес екенін тілге тиек етті. Дана халқымыз «жайылымы болмаса-мал азады, мейрімі болмаса жан-азады» деп ұрпағын әр кез қайырымдылық пен мейрімділікке тәрбиелеп отырған. Өйткені жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды. Жарас аға да қолынан келгенше мұқтаж жандарға, мешітке қолдау білдіріп, спорт саласын дамытуға демеушілік көмек көрсетіп келеді. «Ардагерлерді ардақтайық», «Мектепке жол» басқа да қайырымдылық акцияларынан шет қалмай үнемі көмек беріп отырады. Жарас Николайұлы өз бағдарламасында көзделген «Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, олардың дамуына жол ашу» мақсатында қаржылай қолдау көрсетіп, сол істердің дамуына ықпал еткен жан. Ол жаңадан қыстақ салып, күн батареясымен жұмыс істейтін электр станциясын орнатты. Отбасында екі бала тәрбиелеп отырған ардақты әке.

Оның еселі еңбегі үкімет тарапынан да жақсы  бағаланып, Ұлттық бизнес-рейтингті ұйымдастыру комитетінің «Қазақстан даңқы» орденімен марапатталса, «Қазақстан мәслихаттарына-20 жыл» медалінің иегері және ҚР ауылшаруашылық министрінің Алғыс хатын иеленген. Жақсы істің басында жүрген азамат еселі еңбегінің арқасында Тасқала сайлау округі бойынша  аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

Ол үнемі жаңалықтар тыңдап Үкімет тапарынан көрсетіліп жатқан көмек пен қолдауларды дер кезінде пайдаланып, қажеттілігіне жаратуға тырысады. Өйткені мұның барлығы ауыл экономикасының көтерілуіне жасалап жатқан жағдай екенін жақсы түсінеді. Өйткені ол ауылдың экономикасы көтерілсе, қазақтың дәулеті асатынына сенімді. Сондықтан жағдайымыздың тірегі саналатын осындай кәсіпкерлеріміз екені анық. Ендеше ауданның абыройын асқақтатып, елдің еңсесін көтеруге үлес қосып жүрген осындай жомарт кәсіпкерге ісіңіз жемісті болып, еңбегіңіз жана берсін деген тілектен басқа айтарымыз жоқ.

Назгүл Серікқызы