27.09.2019, 17:31
Қараулар: 478
Тіл мәртебесін арттыруда…

Тіл мәртебесін арттыруда…

Аудандық мәдени-демалыс орталығында Қазақстан халқының тілдер күніне арналған «Тіл – тұтастық туы» атты фестивалі өтті.


Сонымен қатар «Ана тілім – дана тілім» атты бүлдіршіндер байқауы ұйымдастырылған болатын. Шараға аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева мен БҚО тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Б.Семғалиева арнайы қатысты. Өз кезегінде сөз алған Люция Әсетқызы еліміздің болашағы ана тілімен тікелей байланысты екенін баса айтты.

-Құрметті жиналған қауым,  баршыңызды тілдер мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіз. Тіл – тұтастық туы. Осы бір сөздерде қандай терең мағына, қандай мән бар десеңізші! «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» демекші, еліміздің еңселі ертеңі үшін ана тілімізді құрмет тұту маңызды. Соны келешек жастар түсінуі керек,-деді ол.

Мұнан соң тіл саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытып жүрген жандарға аудан әкімінің алғыс хаты табыс етілді. Олардың қатарында Ж.Булекбаев, Л.Есқалиева бар. Сондай-ақ тіл саласын дамытудағы үздіктер қатары марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік ауылдық округ» аталымымен Қосшы ауылдық округі марапатталса, «Үздік кәсіпкер» аталымына З.Сергазиева ие болды. «Үздік іс қағаздарын жүргізуші» аталымына  А.Бактыгереева мен «Тіл жанашыры – 2019» аталымына Б.Шотанова қол жеткізді. Бірқатар тіл жанашырларына БҚО тілдерді дамыту басқармасы басшысының алғыс хаттары табыс етілді. Олардың қатарында редакциямыздың жауапты хатшысы, әріптесіміз Н.Жәрдемова, аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Шакиров, Шежін ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Д.Имашева бар.

Шара соңы балабақша тәрбиеленушілерінің арасында өткен «Ана тілім – дана тілім» байқауымен жалғасты. Аталмыш байқау ана сүті аузынан кетпеген балғындарға туған тілдің қасиетін ұғындырып, оған деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатын көздеді. Сынға түскен қатысушылар таныстыру, тір туралы тақпақ айту және үй тапсырмасы секілді 3 кезеңде бақ сынасты. Жалпы байқауға аудан көлеміндегі 16 балабақшадан, 60-тан астам бөбек қатысты. Нәтижесінде, Атамекен мектеп-балабақша кешені бүлдіршіндері бас жүлдені жеңіп алды. Ал «Бөбек», «Ақбөпе» және «Мерей болашағы» тобы бөбектері жүлделі 1,2 және 3 орындарды өзара бөлесті.

Байқауға қатысқан барлық бүлдіршіндер арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Әсем СЕРІКҚАЛИ,

Тасқала ауданы