27.09.2019, 17:42
Қараулар: 142
Ардагер ұстазды құттықтады

Ардагер ұстазды құттықтады

Еңбек күніне орай Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Айдыналиева мен аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева ардагер ұстаз Б.Тасмағамбетовтың отбасында болды.


Эльмира Мұратқызы Бақтығұл Жұмажанұлын  кәсіби мерекесімен құттықтап, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың атынан алғыс хат пен «Білімді Ел-Образованная страна» газетінің бір жылдық жазылым сертификатын және  себет  толы тәттілерді табыс етті.

-Биыл Астана қаласында өткен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тамыз кеңесінде басқарма төрайымы Күләш Нағатайқызы әр өңірде еселі еңбек еткен білікті мұғалімдердің барын тілге тиек етіп, олардың еңбек жолын кейінгі ұрпаққа насихаттауды тапсырған болатын. Сондай-ақ, оларды  кәсіби мерекеге орай арнайы барып құттықтап, өз атынан «Білімді ел» газетінің бір жылдық жазылым сертификатын салтанатты түрде табыс етуін сұраған еді. Соның қатарында біздің облыстан екі адам болса, соның бірі өзіңіз. Сол себепті бүгін  өзіңізге арнайы ат басын бұрып келіп тұрмыз. Сізге білім саласына қосқан сүбелі үлесіңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз –деді Эльмира Мұратқызы.

Кездесу барысында ардагер ұстаз өз тәжірибесімен бөлісіп, ұстаз мәртебесін әңгімеге арқау етті. Жиналғандар естелік суретке түсуді де ұмытпады.

Назгүл Серікқызы