2.10.2019, 11:39
Қараулар: 120
Малым қолды болмасын десеңіз

Малым қолды болмасын десеңіз

  Азын-аулақ  мал ұстаған тұрғындар үшін қазір нағыз қауіпті мезгіл. Өйткені бұл уақытта ұрлықтың көбейетіні белгілі. Сондықтан,  жұртшылық  маңдай термен тапқан ақ адал малдарын ұры қолды қылмаса екен  деп тілеп отырады. 


Өйткені, жылдар бойы бағып-қағып өсірген малдарынан бір сәтте айырылу кім-кімге де оңай тимесі анық. Міне, күз маусымыда ортасына жетті. Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Осы уақытта оңай олжаға батуды ойлайтын әккі ұрылар тұрғындардың соғымға деп семірткен жарамды малдарына көз салып, оны қолды қылып жатады. Осы мәселені аудан басшысы А.Халелов апталық лездемеде тілге тиек етіп, аудандық полиция бөлімі мен ауылдық әкімдеріне ұрлықты болдырмау және оның алдын-алу мақсатындағы жұмыстарды қолға алып, жандыру керектігін мұқият тапсырған болатын. Осыған орай қандай жұмыстар  атқарылып жатқанын білмек болып аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары  Асылбек Каримовке қоңырау шалдық.

-Ауданымызда мал ұрлығының алдын-алу бағытында біркелкі жұмыстар қолға алынып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Алайда ұрлықтың азаймауына негізінен тұрғындар тарапынан кемшіліктер бар. Себебі олардың арасында өрістен келген малдарын дер кезінде қарсы алмайтын немесе іздемейтіндер де бар. Сондықтан әр тұрғын өзінің маңдай терімен баққан малдың қолды болмауы үшін сақтық ережелерін ұстану қажет. Қораларын құлыптау, кешкісін жайылымнан келген малды бос қараусыз жібермеу деген сияқты қарапайым сақтық ережелерін орындаса ешкім зардап шекпейді. Мал ұрлығымен күресуге жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Сондықтан мал иесінің жауапкершілігі артпай ұрлықтың алдын-алу бағытындағы жұмыстар оң нәтиже бермейді. Қазіргі заң талабы бойынша бос немесе  қараусыз жүрген мал жоғалса кінәлі мал иесі болып табылады, себебі бұл жағдай мал иесінің жауапкершілігінің жоқтығында. Өйткені олар малдың жоғалғанын біле тұра бірден полиция бөліміне хабарласпайды. Оларда малымыз қазір келіп қалар деген оймен уақыт өткізіп алады. Бұл уақыт арасында ұрылар малды діттеген жеріне жеткізіпте үлгереді. Кейбір ұрлықтардың ашылмай жататынына да сол себеп. Ал бұл қылмыстың ізін ашуға кері әсерін тигізеді. Әрине, малдың  жоғалғаны жөнінде тұрғындардан арыз түскен бойда жедел іздестіру тобы құрылып, жұмысты бастаймыз. Арыз бойынша қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері мән-жайларын  жан-жақты толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шаралар жүргізіледі. Егер екі ай мерзім ішінде іс бойынша құқық бұзған адам анықталмаған жағдайда, қылмыстық істің мерзімі уақытша тоқтатылады. Алайда, бұл іс мүлдем жабылып қалады деген сөз емес. Іс бойынша криминалды полиция бөлімшесімен жасырын тергеу әрекеттері жүргізіле береді. Егер күдікті тұлға анықталса, қылмыстық іс қайта жаңғыртылып, заңды шешім қабылданады. Ал, мұны халық басқаша түсінеді. Көп жағдайда мал ұрлау қылмысының уақытында ашылмауы – тұрғындардың дер кезінде құқық қорғау орындарының көмегіне жүгінбеуінен, ашып айтсақ құқықтық сауаттылықтың төмендігінен болады. Ең қиыны, олар жоғалған малын таба алмай, әбден күдерін үзген кезде барып полицияға арыз түсіреді. Біздің міндетіміз – қылмысты ашып, қылмыскерді құрықтау және жапа шеккен жандарға құқықтық көмек беру болған соң, «кеш қалдың» деп олардың арызын кері қайтаруға құқымыз жоқ. Алайда 2-3 ай өткен қылмысты ашу бізге де айтарлықтай қиындық туғызады. Ал мал қалай ұрланады? Адамдар малдарын өрістен қарсы алмайды немесе жайылысқа қоспайды. Соның салдарынан мал ауыл көшесіне кіріп кетіп жатады. Мысалы былтырғы жылы сиырдың көшеге кіріп кеткені жөнінде 2 факт тіркеліп, оның егесі анықталып, айыппұл салынды. Биыл мұндай факт тіркелген жоқ. Негізінен мал көшеге кірген жағдайда оның егесі әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын тұрғындар ескерген жөн. Егер бірінші рет болса 505-баптың 1 бөлімі бойынша ескерту беріледі. Екінші рет қайталанса онда ірі көлемде айыппұл төлеуге міндетті. Былтырғы жылы мал ұрлығы бойынша тоғыз іс тіркеліп оның алтауы ашылса, биыл тоғыз айдың көрсеткіші бойынша 9 іс тіркеліп, оның екеуі күдіктілердің анықталмауынан сол күйінде қалды. Ол Айнабұлақ ауылынан қолды болған бір жылқы мен Қазақстан ауылдық округінен ұрланған он сиыр. Бұл іс бойынша жедел-іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Негізінен жүргізілген талдау бойынша мал ұрлығы қылмыстарының жасалуына ең алдымен малдың далада бақташысыз, қараусыз өз бетімен жайылуы, иелерінің өрістегі малына мұқият қарамауы себеп болатыны анықталып отыр.
Малшылармен келісімшарттың болмауы «еркін жайылу» практикасын қалыптастырады және ол малдың оңай ұрлануына немесе жоғалуына ықпал етеді. Ұрлықтың  65 пайызы  малдың қараусыз жайылатынынан  кешкі уақытта ұрланатыны осы сөзімізге анық дәлел бола алады.
Екінші себеп – малды ұстау орындарының көп жағдайда дұрыс жабдықталмауы. Бұл қылмыскерлердің мал қораға кедергісіз енуіне мүмкіндік береді. Үшіншіден, иелерінің өз малдарын таңбалау мен сырғалауды уақытылы жүргізбеуі, нәтижесінде ұрланған малды тану мүмкіндігінің аз болуы. Төртіншіден малшылардың жетіспеуі, сондай-ақ елімізде бір малшыға тиесілі бағылатын мал саны нормасының заңмен бекітілмеуі. Осы мәселелер оңтайлы шешімін табатын болса, ауылдық жердегі ахуал әлдеқайда жақсарады деп сеніммен айтуға болады,- дейді Асылбек Мұратұлы.

Халқымызда  «Таңбасыз тай, енсіз қой болмайды»,- демекші, бұрын үлкендер мінсе көлік, сойса азық болатын төрт түлігін таңбалап өзге малға қосылмауын үнемі қадағалап отыратын. Бұл үрдіс содан бері әлі жалғасып келеді. Десек те кейінгі кездері малдарды бірдейлендіру әдісі қолға алынды. Сондықтан мал ұрлығының алдын алу мақсатында  қожалық басшылары,  ауылшаруашылық тұтыну кооперативінің мүшелері мен жергілікті тұрғындар өз малдарына аса мұқият болып, шама келгенше  малға GPS трекер орнатып, құлағына сырға салып, таңбалап отырса іздестіру кезінде көп қиыншылық туындамайтыны белгілі. Жылдан жылға мал бағу жұмыстары қиындап келеді. Өйткені бұрынғыдай кең байтақ жердің қай жағына мал жайсамда өз еркім деген түсінік қазір жоқ. Қазір заң талабына сай әркім өз жерін белгілеп, сол жерде шаруашылығын жүргізуде. Бұл жағдайда бақташының басты міндеті өзіне жүктелген малды сол жерде қырағы қадағалау. Мал ұрлығын болдырмау бағытындағы жұмыста бақташылар маңызды рөл атқарады. Ал кешкісін өрістен келген малды дер кезінде қарсылап алу тұрғындардың міндеті. Соңғы кездері қараусыз жүрген малдардың кешкілік орталық көшелерде жүретінін жиі байқаймыз. Олар тек жүрмейді айналасындағыны жайпап, бүлдіріп жүреді. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша Тасқала ауылдық округі жұмыстануда. Енді әр апта сайын ауыл әкімшілігі ветеринар дәрігер мен жергілікті участкелік инспекторлардың қатысуымен  РЕЙД жұмыстарын жүргізетін болады. Көшеде жүрген мал көзге түсетін болса, дер кезінде оның иесі анықталып, әкімшілік іс қозғалатын болады.
Егер көшеде немесе далада жалғыз жүрген мал көрсеңіз бірден ауылдық әкімшілікке хабарлағаныңыз дұрыс. Халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»,-деген керемет сөз бар. Сондықтан қымбатты жерлестер барлығымызда мал ұрлығының алдын-алып, оны болдырмауға атсалысайық.

Назгүл Серікқызы