2.10.2019, 15:17
Қараулар: 345
Достықтың туын тіккен жастар лагері

Достықтың туын тіккен жастар лагері

«DoSTAR Camp» халықаралық жастар лагері ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Жанына жалындаған жастарды жинап, жаңа идеялар мен тың бастамаларға себепші болатын шараға да жыл сайын келетіндер қатары толастамайды. Бұл жолы делегаттар құрамында облысымыздың әр ауданынан, сондай-ақ көршілес Ресей еліненде қонақтар болды. Үш күн бойына созылған лагерьде бұл жолы қандай қызықтар болды екен, бірге назар аударайық…


  Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Намыс» ЖҚБ ұйымдастыруымен өткен шара жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатын көздеген. «Шұғыла» жазғы-демалыс орталығында бас қосқан жастар өздеріне тиесілі үш күнді көңілді әрі пайдалы, сондай-ақ салауатты өткізуге барын салды. Шараның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева қонақтарға қош келдің білдіріп, жақсы демалыс тіледі.

-Жастар – елдің ертеңі. Туған жеріміздің кемел болашағы сендердің қолдарыңда. «Өз елінің қара тасын мақтан ете білмеген азамат, бөгде елдің алтын тасын да мақтап жарытпайды» дейді абыздар. Отанға деген махаббатарыңыз, патриоттық сезімдеріңіз қашан да өз биігінде тұру керек. Биыл «Жастар жылы» деп жарияланып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып жатыр. Бұл елдің жастар үшін алаңдаушылығын, жанашырлығын көрсетеді. Сондықтан алған білімдеріңіз бен жинаған тәжірибелеріңізді елдің даму жолында жұмсау әрқайсыңыздың азаматтық борышыңыз. Осыны ұмытпағайсыздар. Осы шараға көрші Ресей елінен өздеріңіздей жастар қауымы келген екен. Екі ел арасындағы достық жалғасып, ауызбіршіліктеріңіз мықты болғай. Лагерьде жақсы демалып, уақытты сауатты да салауатты өткізулеріңізге тілектеспін,- деді.

Лагерь демалушылары алдымен өңір тарихымен танысты. Аудан орталығындағы «Рухани жаңғыру» залына барған қонақтар ол жердегі тарихи жәдігерлерді көріп, тасқалалықтардың тыныс-тіршілігіне құлақ түрді. Тасқала жерінен шыққан батырлар мен ақындар, өнер адамдары мен ел басқарған көшбасшылардың өмірімен танысты. Мұнан соң Ақтау ауылындағы бұлақ басына барып мөлдір судан дәм татты, даланың әсем табиғатына көз жүгіртті. Аудан өмірімен танысып, тарихи жерлерге экскурсия жасаған жастарды «Шұғыла» орталығында спорттық-туристік сайыстар мен КВЕСТ ойындары, семинар-тренингтер күтіп тұрды. Сондай-ақ лагерь бағдарламасы шеңберінде ұлттық ойындар да көрініс тапты. Топ-топқа бөлініп сайысқа түскен қатысушылар шара кезінде бір адамдай өнер көрсетіп, жұмыстанды. Жастар лагерінің айтулы кезеңі «Самғау» коворкинг орталығында өтті. Люция Әсетқызы бастаған қонақтар қатарын жас ақын, сазгер Орынбек Меңдіқұл, «Назар аудар» театрының актері Асылұлымбек Ахметов, облыс деңгейіндегі түрлі шаралардың ұйымдастырушысы Райымбек Жұмат толықтырды. Кездесу кезінде лагерь демалушылары қонақтарға сауалдарын қойып, ізгі тілектерін жеткізді. Жалпы жастардың алға қойған мақсаты, ізденіс жолы турасында әңгіме өрбітіп, өз ісін жаңадан ашып жатқан жастарға Люция Әсетқызы грант сертификаттарын табыс етті. Кеш соңы әсем әндермен жалғасын тапты.

Әсем СЕРІКҚАЛИ