2.10.2019, 16:03
Қараулар: 129
Ешкі өсіру оның бала күнгі арманы

Ешкі өсіру оның бала күнгі арманы

Ежелден мал баққан халқымыз ешкіні төрт түліктің қатарына қоспаса да қадірін жақсы білген. Себебі ешкі ерекше күй талғамайды, әрі қойға қарағанда тез көбейеді. Бұған қоса ешкінің сүті де, еті де шипалы. Сан ауруға емдігімен қоса, жаңа туған балаға ана сүтін алмастыра алатын бірден-бір қорек осы ешкінің сүті.  Сондықтан да, халық «ешкі сүті – ем» дейді.


Мұны жақсы түсінетін адамдар бұл шаруаны қолға алып, кәдеге асырып отыр. Бірақ біздің ауданда ешкі бағатындар некен-саяқ.  Осыны ескерген   Нұржан биылдан бастап мемлекет тарапынан бөлінген қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, ешкі өсіруді қолға алған.  Оның бұл жұмысты бастағанына көп уақыт бола қоймапты. Оны біз  Нұржанмен кездескен уақытта білдік.

-Негізгі мамандығым жаттықтырушы. 2016 жылы Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжді тәмамдаған соң жұмыстың реті шықпады. Содан соң Мәскеу қаласына аусымдық жұмысқа орналастым. Бір күні ауданда өз кәсібін ашамын деген жастарға қайтарымсыз грант беріп жатқанын естіп, жұмыспен қамту орталығына жолықтым. Сөйтіп грантқа ілігіп өзімнің көптен бері ойымда жүрген ешкі өсіру ісін қолға алдым. Берілген грантқа Занинский тұқымды төрт бас ешкі алдым. Себебі бұндай ешкінің бағасы кәдімгі ешкінің құнынан едәуір қымбат. Қазір күніне төрт мезгіл сауып отырмыз. Бір сауғанда 200 грамнан сүт беріп тұр. Негізі күніне бір ешкі 2 литр сүт береді. Ешкінің бұл тұқымы аууға келгеніңді біліп, қозғалмай тұрады. Жалпы, ешкі малы аса жоғары күтімді талап ете қоймайды. Кәдімгі жем-шөбін уақытылы беріп отырса жеткілікті. Ешкі өсіру менің бала күнгі арманым еді,- дейді Нұржан Ахметқалиев.

Жергілікті ешкілер тез көбейеді. Ал сүтті тұқымды ешкі баяу өседі. Себебі сауатын ешкіні текеден бөлек ұстап, оны тек күзде қосады екен. Себебі ешкі   көктемде төлдесе, ол жаз бойы сауылады. Негізінен, емдік қасиеті өзге жануарлардан бөлек ешкі сүтінің нарықтағы бағасы литріне шамамен 700 теңгеден есептеледі екен. Нұржан болашақта ешкі сүтінен брынза өндіруді қолға алмақ. Оған малдың қыр-сырын білетін әкесі көмектесіп, ақыл-кеңесін беріп отырады екен.

Ешкі малы бойына бар асылды жинаған. Оның сүті 99 ауруға ем. Әсіресе, анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің көруін жақсартуға пайдалы.

Бүгінде жас балалардың сүйікті асына айналған йогурт ең алғаш ешкі сүтінен жасалған екен. Демек, ешкі сүтін өндіруді қолға алсақ, одан түрлі азық-түлік өнімін жасап шығаруға болар еді. Және халық құрамында жасанды қоспалары бар йогуртты емес, табиғи ешкі сүтінен жасалған өнімді тұтынар еді. Қалай  десек те ешкі өсірсек , ұтылмасымыз анық. Сондықтан болар  «Ебін тапсаң, ешкі бақ» деп жатады. Бүгінде жастарымыздың ешкі шаруашылығын біртіндеп қолға алып жатырғаны қуантады. Біз де тың істі қолға алған Нұржан Ахметқалиевтың жаңа бастамасына қолдау білдіріп, өзгелерге де үлгі болсын деген ниетпен осы мақалыны жариялап отырмыз. Өйткені біздің аудан әр адамның кәсібін ашып, шаруасын жасауға мүмкіндік мол.

Назгүл Серікқызы