2.10.2019, 16:14
Қараулар: 68
Кәсіпкерлер қатары көбеюде

Кәсіпкерлер қатары көбеюде

   «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен аудан тұрғындарының біразы кезекті грант иегерлері атанды. Жаңа кәсібін бастауға мүмкіндік алғандардың қатарында Наурыз Оразғалиевте бар.


Ұялы телефондарды жөндеу қызметін көрсету орталығын ашуды мақсат тұтқан Наурыз Нұрымұлы мемлекет тарапынан бөлінген 505 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді.

-Бұл кәсіппен айналысып келе жатқаныма біраз уақыт болды. Алғашында Орал қаласында сондай сервиздердің бірінде жұмыс жасап тәжірибе жинақтадым. Әлі есімде Ақсай қаласында жұмыста жүргенімде ғаламтордан «Ұялы тедефондар жөндеудің қыр-сырын меңгертеміз» деген хабарландыру көріп келгенмін. Сол салада біраз тәжірибесі бар ағалардан үйренгенім дұрыс болды. Қазір, телефонның экранын ауыстыру секілді қарапайым жұмыстан бастап, ірі қызметерді де атқарамын. Кейде жұмысымның сапалы екеніне көз жеткізген тапсырыс берушілер мені, қалаға арнайы шақырып алып жатады,- дейді кейіпкеріміз.

Негізгі мамандығы дене шынықтыру мұғалімі болса да, Наурыз мырза өз алдына жеке кәсіп ашуды мақсат етіп қойғалы біраз уақыт өткен. Осыған дейін ұялы телефон жөндеу, фотосурет шығару секілді қызмет көрсететін шағын орталықтарда жұмыс жасап тәжірибе жинақтаған. Алайда өзінің жеке кәсібін ашу үшін түсер мүмкіндікті күтіп жүрген.

-Өзіме телефон жөндеумен айналысқан ұнайды. Кәдімгідей жұмысқа беріліп кететін кездерім болады, кейді тіпті өзгеше әдіс-тәсілдерді қолданып эксперимент жүргіземін. «Атамекен» палатасының және жұмыспен қамту орталығының мамандарының арқасында кәсібімді бастауға алғашқы қадамымды жасадым. Оларға айтар алғысым зор. Қалада кәсіпті жүргізу бойынша өткен сабақтарға қатысқанда жұмыстың алға жүруі, кездескен кедергілерді шешу жолдарын үйретті. Жалпы қайтарымсыз грантқа ие болғаныма өте қуаныштымын,- деді.

Жас кәсіпкер өз ісін бастамай жатып-ақ қызмет көрсетудің бағасын арзан қылуды жоспарлап қойған. Оның айтуынша, телефон және ноутбуктарды жөндеу жұмыстары қала бағасымен бірдей болмақ. Сондай-ақ, кейбір атқарылған қызметтерге 1 ай немесе одан да көп уақыт кепілдік беру ойында бар.

Әсем АМАН