9.10.2019, 9:37
Қараулар: 319
Күн тәртібіндегі мәселелер назарда тұр

Күн тәртібіндегі мәселелер назарда тұр

   Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті ХХХІХ сессиясы өтті.

Алдымен сөз алған аудан әкімі А.Халелов атқарылған жұмыстар бойынша депутаттар алдында есеп берді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді қозғай отырып, халық игілігі үшін атқарылған жұмыстарға тоқталды.

-Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа жолдауында берілген тапсырмалар мен алға қойылған міндетерді жүзеге асыру мақсатында біркелкі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың  қаңтарынан ең төменгі жалақы 38 мыңнан 52 мың теңгеге өсуіне байланысты, бюджет қызметкерлерінің жалақысының орташа мөлшері 36 пайызға артып, 688 қызметкерді қамтыды. Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап АӘК көрсетудің өлшемдері өзгертілді. Бүгінгі күнге 255 отбасына 99,7 млн.теңге көлемінде АӘК төленді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 912 бірлік құрайды, соның ішінде 61 заңды, 431 жеке кәсіпкер, 420 шаруа қожалық. Жұмыс жасайтын адам саны 1976 бірлікті құрайды. Аудандық бюджетке 77,6 млн.салық түсімі түсіп, 406 млн. 850 мың теңгенің өнімі өндірілді,- деді аудан басшысы.

Әрі қарай агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар тілге тиек болды. Тоқталып өтсек, қазіргі таңда Бірлік аулында «Феррум контракт» компаниясы «Су құю цехы» құрылысын және «Taskala-Et BKO» ЖШС 5120 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысын жүргізуде. Жалпы ауылшаруашылығы мен құрылыс, мәдениет салалары мен жастар мәселесі бойынша істелген істерді назарға алды. Сессия барысында аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы С.Шүкіровтың аталмыш саланың 20108 және 2019 жылдың жеті айында атқарған жұмысы тыңдалды.

Сонымен қатар «2019 жылы Тасқала ауданының ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит беру туралы» шешімге өзгеріс енгізу бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Л.Тастамбекованың баяндамасы назарға алынды.

Әсем СЕРІКҚАЛИ