16.10.2019, 10:35
Қараулар: 242
«Атамекенге үш келдім»

«Атамекенге үш келдім»

Қазіргі кезден гөрі, бұрынғы уақытта кең байтақ даламыз бос жатпайтын. Ауылдың мына шетінен ала шаңды төбесіне көтеріп кетіп бара жатқан тракторлар мен жүк көліктерін жиі байқасаңыз. Енді бір шетінде мыңдаған қойды, алдына салып айдап келе жатқан қойшының дауысын естисің. Бұлда болса бұрыңғының тірлігі, үлкендердің сөзі.. Тынымсыз еңбек пен әдемі көрініс. Әкелерімізбен үзеңгілесе аналарымызда шаруашылықтан еш қалмаған. Ақ жаулықты әжелеріміз кезінде баланы да тапты, шаруаны да жасады. Жалпы айтқанда бәріне де үлгерді. Сондай жандардың бірі Атамекен ауылының тұрғыны сексеннің төртеуіне келген, он баланың анасы Мағрипа Күндудаева. Ол кісі күніндегі атақты қойшы.       


   «Аталмыш ауылдық округке қарасты Қисықсай деген жерде қой бақтық. Мал бағып өзіміздің нанымызды таптық. Адал еңбекпен келген дүние тәтті дейді. Бала кезімізден осы қойдың артында жүрдік. 1977 жылдан бастап өз алдыма совхоздан қой алып, аға шопан атандым. Оған дейін өзге шопандардың малын бағып өзіме тәжірибе жинақтадым. Шалым ауылда есепші болып қызмет етті. Өткен уақытқа еш өкпем жоқ. Сол кездің басшылары кез-келген облыс ауағында өтетін жиналыстардан қалдырмады. Кезексіз көлікте міндік. Яғни айтқанда елеусіз болмадық. Жас кезімізде неше түрлі ауыртпалықтар болған шығар, бірақ жас болғасынба сол кезде байқамаппыз. Үйде қол қусырып отыруға мүмкіндік жоқ. Елдің бәрі жұмыс жасап тірлік жасап жатқанда, қалайша тыныш отыра аласың. Қойды 1988 жылы тапсырғанға дейін қыстың суығы мен жаздың ыссысында мал бағып, ауылдың дамуына әйел затынан болсақта үлесімізді қостық. Басына бас қой алу, қой жүнінің жоспарын орындау бәрі де мойнымызда тұратын күнделікті шаруа еді. 1928 жылы осы жерге үш қарт пен орыстың жас баласы келіп қадау қаққан екен. Орыстың жас баласы дейтіндері сол кездегі жер беретін бөлімшеден келген маман-ау деп өзімше топшылаймын. Содан 1932 жылы «Атамекен» совхозы болып құрылды. Ат арбамен аудан орталығынан құрылыс материалдарын тасып әкеліп, сол кезде көптеген үйлер салынған екен. Атамекенге осымен үшінші рет келуім. Алғашқы рет бала кезімде мектепке оқуға келсем, екінші рет келін болып түстім. Ал енді міне, үшінші де бала-келіннің қолында, ауылдың жақсылығын бірге көріп отырған бақытты әжемін»,- дейді Мағрипа Күндудаева.

Жолдасы екеуі алты ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген бақытты жандар. Одан тараған 33 немерені көрген әже, жақында жиырма үшінші шөбересінің маңдайынан сүйді. Жолдасы Ғалым Күндудаевпен 1955 жылы отау құрған. Содан ауылдың өркендеуіне қатар жүріп өз үлестерін қосқан жандар. Мағрипа Күндудаева облыстық «Орал өңірі», аудандық «Екпін» газеттерін үзбей оқитынын әңгіме арасында айтып қалды. Жақында кейіпкеріміздің бала-келіні Замир мен Нұргүл Орал қаласынан су жаңа пәтерге ие болды. Оларда көп балалы отбасы ретінде Елбасымыздың «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қол жеткізгеніне қуанышты. Атам қазақта «Өзен ұзақ ағады бастауы болса басында, адамдар бақытты болады ерінбесе жасында» деген аталы сөз бар. Бұл күнде ұрпағының амандығын тілеп отырған әже ауыл жастарының еңбекқорлыққа бейімделіп, туған жеріне деген сүйіспеншілігі мол болса екен дейді.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ